Кәсіпкерлердің құқығы әлі толыққанды қорғалмай тұр - прокурор

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Прокуратура кәсіпкерлердің проблемаларын анықтау үшін аудан, ауылға баруға дайын. Бұл туралы бүгін Ақтөбе облысының бас прокуроры Нұрғалым Әбдіров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кәсіпкерлерді мейлінше қорғауға кіріскен штаб бүгін қайтсек кедергіні жойып, бизнестің дамуына жол ашамыз деген тақырыпты талқыға салды. Облыстың бас прокуроры Нұрғалым Әбдіровтің айтуынша, заң оңтайландырылғанымен, кәсіпкерлердің құқығы үнемі қорғала бермейді. Мәселен, өткен жылы Хромтау ауданының кәсіпкерлері жер ала алмай, түрлі шағым түсіріп, көмек күткенімен, ешкім көңіл бөлмеген. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау штабы бұл істі қолға алып, кәсіпкерлерге жер алуға септік етті. Жиын кезінде бизнес иелерінің мазасын алып, тынышын қашыратын мемлекеттік органдардың аты аталды. Әдеттегідей көшті тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті бастап тұр.

«Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жұмысы әлі күнге дейін оң нәтиже бермей отыр. Статистикаға сүйенсек, 2015 жылы 3 мыңнан астам кәсіпкерлік қызметі тексерілсе, өткен жылы тексеру саны 2 есеге артқан. 6 мыңнан астам тексеру жүргізілсе, оның тек жартысынан астамы еш нәтиже бермеген. Бұл тексеруші орган мен кәсіпкер уақыты мен қаржысының шығынын көрсетеді. Көбіне тұтынушылардың құқықтарын қорғау, мемлекеттік кірістер және төтенше жағдайлар департаменттері кіреді. Олар 4 мыңнан астам тексеру жүргізген екен. Тексерудің 56 пайызы еш негізсіз жүргізілген»,- деді облыстық прокуратураның І-басқарма басшысы Қанат Нахымбеков.

Құқықтық статистика комитетінің облыстық басқармасы мен облыс прокуратурасы өткен жылы 81 тексеруді негізсіз деп тауып, тоқтатқан. Мемлекеттік қызметкердің 30-дан астамы жазаланды. Отырыс кезінде кәсіпкерлерді қудалап, қылмыстық жауапкершілікке тартудың азайғаны айтылды. Мәселен, өткен жылы қылмыстық іс 5 есеге азайып, 43-ті құраған.

«Кәсіпкерлердің шағымы азайған жоқ. Олар көбіне сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары бөлімі мен мемлекеттік кірістер департаментіне шағым айтады. Соңғы жылы кәсіпкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту саны азайды. Дегенмен, жалған кәсіпкерлігі үшін жауап беріп, қылмыстық жазаға тартылған бизнес иелерімен бірлесе жұмыс істеген өзге кәсіпкерлердің мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай отыр»,- деді облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары  Мирлан Бисенғалиев.

Айта кетейік, бүгінгі отырыс кезінде штаб тексеруші органдар бірігіп, бизнестегі тәртіпті тексеру кезінде бір күн мен айды белгілеуді ұсынды. 

Соңғы жаңалықтар