Кәсіпкерлер алты айға дейін кеден салығын төлемей жүре алады - министрлік

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның жаңа Кеден кодексі құжат жұмыстарын барынша автоматтандыруды көздейді. Осылайша, тауар таситын кәсіпкерлер барлық декларацияларын ақпараттық жүйе арқылы үйден шықпай-ақ тапсыра алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұдан бөлек, кеден салықтарын төлеудің жаңа жүйесі енгізіледі. Оған сәйкес, декларант бір аванстық төлем жасайды, ал ақпараттық жүйе оны баж салығы және тағы басқа салық түрлеріне бөліп тастайды.

«Сосын кедендік салықтарды төлеуді бір айға дейін шегеруге мүмкіндік бар. Алайда артынан процент төлеуге тура келеді. Салық төлеуді алты айға дейін процентсіз шегеру мүмкіндігі де қарастырылған. Ондай шара барлығына таралмайды. Мәселен, ауыл шаруышылығы техникасын жеткізу, асыл тұқымды малды тасымалдау және тағы бірқатар салалар бойынша алты айлық салықсыз кезеңді пайдалануға болады», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Ернар Бәкенов бүгін Кодекс жобасын талқылауға арналған жиында.

Бүгінде отандық кәсіпкерлер жаңа Кеден кодексін қолдап отыр. Алайда кәсіпкерлер ақпараттық технологиялардың құжатта қалай көрсетілсе, іс жүзінде де солай енгізілгенін қалайды. Кодекстің жобасы әлі де талқыланатын болады. Күзге қарай оны Парламент Мәжілісінің қарауына енгізу жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар