«Қасиетті Қазақстан» 5 томдық энциклопедиясы дайындалып жатыр - Ғарифолла Әнес

None
None
 АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Белгілі баспагер, «Арыс» қорының президенті, тілші, ғалым Ғарифолла Әнес «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясының дайындалу барысы мен латын әліпбиіне қатысты ҚазАқпарат тілшісімен ой бөлісті.

- Ғарифолла аға,  «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясы дайныдалып жатыр, басы-қасында жүрген адам ретінде жұмыс барысы туралы айтып берсеңіз? «Қасиетті Қазақстан» деп нені айтамыз?

- Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген мақаласынан кейін барлық қоғамтанушылар, қоғамымыз үлкен қозғалысқа түсті. Осы кезге дейін айтылмаған дүниелер, ұлттық мәселеміз, салт-дәстүріміз, ұлттық код туралы айтып жатырмыз. Біз қазір «Қасиетті Қазақстан» деген 5 томдық энциклопедия дайындап жатырмыз. Алғашқы нұсқасының тұсаукесері Парижде өтті. Қазақстаннан өкілдер барып, таныстырып қайтты. Парижде «Рухани жаңғыру» деген мемлекетіміздің бағдарламасы ЮНЕСКО көлемінде таныстырылды. «Рухани жаңғыру» Қазақстанды дүр сілкіндіріп жатқан дүние, бірақ оның әлемдік те мәні бар. Айналамыздағы елдер экономикалық жағдайын жақсартқан Қазақстан рухани жағынан қандай белестерді бағындырады деп отыр. Біз - Алтын орда, Ноғайлы дәуірі, одан бері жатқан біршама үлкен империялардың мирасқорымыз. 20 ғасыр бізге оңай тимеді. Санымыз кеміп қалды. Енді біз әлем жұрты жеткен өркениетке жетуіміз керек, басып озбасақ та көшке ілесуіміз қажет. Осы мақсатта Елбасының бастамасымен үлкен шаруалар істеліп жатыр. Бұл шаруа түпкілікті нәтижесіне жетеді деп ойлаймын. Бұл - біздің алдымызда тұрған тарихи нартәуекел.

Бұл - Қазақстан көлемінде емес, түркі жұртында қолға алынбаған дүние. «Қасиетті Қазақстан» дегенге не жатады? Ең бірінші - өзіміздің астанамыз болған қалалар жатады. Сауран, Сығанақ, Сарайшық сияқты көне қалаларымызды айтамыз. Қазақ хандығын көтерген тұлғалар, хандар, батырларымыз туралы, одан кейін әулиелер Бекет ата, Қорқыт ата, Ахмет Ясауи секілді тұлғалар осы кітапқа енеді. Сосын  облыстарда, аудандарда киелі орындардың макрокарта, микрокартасы жасалып жатыр, бұл - үлкен шаруа.

- Ғарифолла аға, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір бағыты қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру, тілші ғалым ретінде айтыңызшы, қазақ қоғамы бұл реформаға қаншалықты әзір?

- Тілші болғаннан кейін мені қатты толғандыратын мәселе - латын әліпбиіне көшу. Латын әліпбиіне көшетін уақытымыз келді. Енді әртүрлі пікірлер айтылып жатыр. Меніңше, латын әліпбиіне көшуді әрі кетсе екі-үш жылдан әріге созбау керек. Егер мұны біз ұзаққа соза берсек, кейін қазақ тілінің кеңістігі тарылып кете ме деген қаупіміз бар. Өйткені, өздеріңіз жақсы білесіз, оқулық мәселесі жиі алдымыздан шығады. Қазақ тілді мектептерде білім нашар деген де айтылып жатады. Осы мәселелердің бәрін жою қажет. Бізге тезірек латын әліпбиіне көшуіміз керек. Латын әліпбиінің үлгісі қалай болады деген екінші мәселе бар. Өзім тілші ретінде айтарым, бір дыбысқа бір таңба болуы керек. Сондай-ақ, латын әліпбиіне көшу мәселесіне ағылшын тілін білетін мамандарды көбірек тарту қажет ддеп есептеймін. Біз бір кеңістіктен екінші кеңістікке өткелі отырмыз. Орыс тілі арқылы жүздеген, мыңдаған терминдер келген сияқты ертең ағылшын тіліндегі терминдер де келеді. Қазір біз «корпорация» деп айтатын болсақ, ертең «корпорейшн» деп айтатын боламыз. Осы терминдер тілімізде қалай жазылады деген мәселеге де көңіл аударуымыз керек. Менің ойымша, бұл жерде тілші мамандар жұмыс істеуі керек. Қазіргі заманда жастарға әліпби үйрену ешқандай қиын мәселе емес деп ойлаймын. Сондықтан, алдымызда тұрған мүмкіндікті жіберіп алмау керек. Бұл - бір тарихи мүмкіндік. Баяғыда 1985 жылы «Сәуір пленумы» деген болған. 70 жыл тұрған Совет үкіметінің көбесін сөгіп, «қайта құру» деген жарияланған сонда. Сөйтіп, біз 1991 жылы тәуелсіздік алғанбыз. Қазір де сол сияқты еліміз рухани жаңғыруға ұмтылып жатыр. Бұл - ұлтымыздың өсіп-өнгені. 21 ғасырда рухани жаңғыру үшін алдымызда көптеген міндеттер тұр. Соның біреуі осы - әліпби.

- Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет.


Фото  anatili.kazgazeta.kz

Соңғы жаңалықтар