Қашаған кенішін игеру жобасының құны белгілі болды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысында Каспий теңізінің қазақстандық секторында 2016 жылы күзде әзірлеуі басталған Қашаған кенішін игеру жобасының ақырғы құны аталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат»  ХАА тілшісі.

«Бүгінгі күні Қашаған теңіз кенішін игеру бойынша Солтүстік Каспий жобасына салынған инвестиция көлемі 55 миллиард доллардан сәл астам қаржыны құрайды»,- деп хабарлады «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Б.В» консорциумының басқарушы директоры Бруно Жарден.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын алып Қашаған кен орнын игеру жобасына салынған инвестиция көлемі әрқилы аталған еді. Ресми дереккөздерге сілтеме жасамай айтылған сома 130 миллиард доллардан асып жығылған болатын.

Айта кеткен жөн , «НКОК» консорциумы Қашаған теңіз кенішінен өнім өндіруді кеңейту үшін Үкіметтен рұқсат алған-ды. Бұл жайлы 14 ақпанда Бруно Жарден мәлімдеген.  

«Қашаған кен орнын игеру жобасының I кезеңіндегі эксплуатациялық цикл ондаған жылды құрайды және оның кейінгі кезеңдері қазіргі таңда жоспарлану үстінде. Осыған қарамастан, біз жақында ғана Қашаған кенін игерудің І кезеңіндегі өндірісті ары қарай дамыту жобасының аясында инженерлік-техникалық дайындық жұмыстарын өткізу үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің рұқсатын алдық. «ЦК01» деп аталатын 1 кезең аясындағы өндірісті кеңейту жобасы Каспий теңізіндегі теңіздік кешендегі шикізат көлемін тәулігіне 80 мың баррельге дейін ұлғайту үшін қосымша қаржылық салымдарды талап етеді. Үкіметтің берген рұқсаты НКОК-тың 2017 жылғы инженерлік-техникалық дайындық жұмыстарын бастауына және 2018 жылға арналған инженерлік-техникалық дайындық жұмыстарының жоспарын құруға мүмкіндік береді. Аталмыш жоба іске қосылса, 1 кезеңдегі шикізат өндіру көлемі тәулігіне 450 мың баррельге жетуі мүмкін», - деген еді «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Б.В» консорциумының атқарушы директоры.  

 
Соңғы жаңалықтар