Қаржы жымқырды деген күдікке ілінгеннен кейін өзіне қол салған Жампозовқа қатысты іс ІІМ-ге тапсырылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуратурасы Астана қаласының іргесіндегі Ақмол елді мекенінде құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне оқ атқан Жампозовтың ісіне қатысты қосымша мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бас прокурор қанды оқиға болған 20 шілде күні оқиғаның мән-жайын анықтау үшін өзінің арнайы өкілін жіберген.

Қазіргі таңда О.А.Жампозов бюджет қаражатын талан-таражға салды деп айыпталған қылмыстық іске қатысты прокурордың ұстанымы қаншалықты негізді екенін анықтау үшін қызметтік тексеріс жүріп жатыр. 

«Адамды өз-өзіне қол салуға мәжбүр ету бабы бойынша Целиноград АІІБ бастаған істі ҚР Бас прокуратурасы ҚР ІІМ-ге тапсырды. Тергеу ісін бақылау Ақмола облысының прокуратурасына емес, Астана қаласының прокуратурасына жүктелді. Егер адамды өз-өзіне қол жұмсауға мәжбүр ету оқиғасы анықталса, бұл жағдайға қатысы бар барлық тұлға жазаланады», - деп хабарлайды ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.

Жампозов және тағы 5 адамның үстінен қозғалған бюджет қаржысын жымқыруға қатысты қылмыстық істі Ақмола облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі тергеген.

Болған оқиғаға байланысты 24 шілде күні облыстық прокуратурадан тағайындалған жаңа прокурор сотқа бұл іске қатысты сот тергеуін қайта бастау туралы өтінішхат береді. Сондай-ақ, прокуратура жүргізген жұмыстардың нәтижесі көпшілікке жария етіледі.

«Бас прокуратура О.А. Жампозовтың туған-туыстарына және жақындарына көңіл айтады және істің жан-жақты, толықтай, әділ түрде зерттелетініне кепілдік береді», - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, кеше Ақмола облысы Целиноград ауданы прокуратурасының ғимараты жанында құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне  қарулы шабуыл жасалды. Оның салдарынан прокуратура қызметкері Ж.Әлібаев және Целиноград ауданы ішкі істер бөлімінің тергеушісі А.Пшембаев оқ жарақатын алды.

Қарулы шабуылды қылмыстық іс бойынша сотталушы болып табылған О.А.Жампозов  жасады. Іс бойынша О.А.Жампозов ҚР АШМ «Қазсушар» РМК ШЖҚ директоры бола тұра, басқа лауазымды тұлғалармен және мердігерлермен  алдын ала сөз байласу арқылы, өзіне сеніп тапсырылған Преображенское су құбырын жөндеу үшін бөлінген 620 млн. теңге көлемінде қаражатты  талан-таражға салды деп айыпталған.

Жампозовқа қатысты кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Қарулы шабуылға ұшыраған прокурор сотталушы Жампозовтың қылмыстық ісі бойынша сотта мемлекеттік айыптаушы болған. Іс бойынша сот отырысы ашық түрде өткен.

2017 жылдың 18 шілдесінде сот жарыссөздері барысында мемлекеттік айыптаушы Жампозовты кінәлі деп тануды және оған ҚР «Рақымшылық жасау туралы» Заңның ережесін қолдана отырып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.

Үкімнің жариялануы 2017 жылдың 20 шілдесі сағат 16:00-ге тағайындалған. Қарулы шабуыл сот үкімінің жариялануына дейін орын алды.

Шабуыл жасағаннан кейін Жампозов қылмыс орнынан бой тасалаған. Көп ұзамай оның автокөлігі АЛЖИР қуғын-сүргін құрбандары мемориалды кешенінің маңынан табылды. Көліктен Жампозовтың мәйіті де табылды.

Алдын ала болжам бойынша, ол өз-өзіне қол жұмсаған. Жарақат алған қызметкерлер ауруханаға жеткізілді. Істің тергелуін қадағалау Астана қаласы прокуратурасына тапсырылды.

Соңғы жаңалықтар