Қаржы пирамидаларының өріс алуы қаржы жүйесіне сенімді төмендетуде - Сенат төрағасы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Банктердің менеджменті күрделі өзгерістердің қысымына төтеп бере алмайды. Бұл туралы банктік сектордың рөліне арналған парламенттік тыңдауда Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Банк жүйесі әлемдік және ұлттық экономикадағы өсім мен құлдырауға дер кезінде бейімделе білуі арқылы мемлекеттің қаржылық-экономикалық ахуалына тікелей әсер етеді. Елімізді ілгерілетуге бағытталған бағдарламалардың табысты жүзеге асуы банк жүйесінің тиімді жұмысымен тығыз байланысты. Соңғы кезде банк секторы жұмысының сапасына қатысты сын-пікірлер айтылуда. Сыни көзқарастағы осындай пікірлердің қаншалықты орынды айталғанын бағамдап, бұған себеп болған нақты жағдайларды анықтауымыз қажет. Дегенмен, бүгінгі күннің өзінде банктердің менеджменті күрделі өзгерістердің қысымына төтеп бере алмайды. Жаңа қаржылық дәуірдің талаптарына сай деңгейін көрсете алмағанын өкінішпен мойындауымыз керек. Бұл өз кезегінде экономикалық жүйенің тұрақтылығына теріс әсер етіп, халықтың қаржы институттарына деген сенімін әлсірете түсті», - деп тоқталды Қ. Тоқаев.

Осы орайда ол биыл қаңтарда Елбасы Жолдауында қаржы секторын қайта жүктеу қажеттігін нұсқағанын еске салып өтті. Сонымен қатар банктің портфельді «нашар» несиелерден тазарту және банктерден қаржыны жылыстатуға жол бермеу талаптары қойылды.

«Қазіргі кезде ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама жиырма мыңнан астам азаматтың басындағы жалғыз баспанасын сақтап қалуға мүмкіндік беріп отыр. Осы бағдарламаны іске асыру арқылы қарыз алушыларға түскен ауыртпалық айтарлықтай азайтылды. Оларға банктердің алдындағы міндеттемелерін орындау үшін тиімді мүмкіншілік жасалып отыр. Тағы бір айта кететін маңызды мәселе халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру жұмысын жетілдіру жөнінде. Себебі жалпыға бірдей түсінікті қарапайым тілдегі қаржы саласындағы ақпараттың жетіспеушілігі азаматтар тарапынан тиімсіз шешім қабылдауға әкеп соқтыруда», - деді Қ. Тоқаев.

Сенат төрағасының атап өтуінше, қаржылық қызметтер түрінің көбеюі, олардың күн санап күрделенуі, алаяқтық тәсілдердің, қаржы пирамидаларының өріс алуы қаржы жүйесіне деген сенімді төмендетіп отыр.

«Ұлттық банк аталған мәселелерге кеңінен көңіл бөліп, қордаланған мәселелердің оңтайлы шешімін табу үшін екінші деңгейлі банктермен кешенді жұмыстар жүргізуі қажет», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар