Қаржы министрі: Бюджет деңгейлерінде кірістің өсімі болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 11 айында бюджеттің барлық деңгейінде кірістердің өсу қарқынының тұрақтылығы қамтамасыз етілді. 

Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Былтырғы жылдың 11 айының қортындысымен салыстырғанда кірістер 520 млрд теңгеге артық түсті. Өткен жылдың осыған ұқсас кезеңімен салыстырғанда мемлекеттік бюджет шығыстарының таза өсімі 815 млрд теңгені құрады. Бюджет қаражатын игеру мәселелерін қадағалау барысында ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығынан бастап 7 селекторлық кеңес өткізілді. Осы жұмыстардың нәтижесінде шығыстардың игеру пайызы жоғары болады деп күтілуде», - деп атап өтті министр.

Б. Сұлтановтың сөзінше, бюджеттің атқарылуын бақылау барысында превентивтік шаралар кеңінен қолданылды. 

«Мемлекеттік бюджетке 6,3 трлн теңге кіріс (трансферттерсіз) түсті. Мемлекеттік бюджет бойынша артығымен орындау сомасы 153 млрд теңгені, республикалық бюджет бойынша - 71 млрд теңгені және жергілікті бюджет бойынша  82 млрд теңгені құрады. Тұтастай алғанда, мемлекеттік бюджет кірістері 102,5 пайызға, республикалық бюджет кірістері - 101,6 пайызға және жергілікті бюджет кірістері 104,5 пайызға атқарылды»,  - деп нақтылады ведомство басшысы.

Белгілі болғандай, республикалық бюджетке жыл қорытындысы бойынша 4 989,6 млрд теңге түсуі болжанып отыр. Бұл көрсеткіш 100,7 пайызды құрайды, яғни жоспардан 36,8 млрд теңге артық болады.

«Шығыстар бойынша орындалу пайызы өткен жылғы көрсеткіштерге қарағанда жақсы. Мемлекеттік бюджет бойынша өткен жылдың осындай кезеңіне қарағанда 0,7 пайызға, республикалық және жергілікті деңгейде 0,4 пайызға жақсы орындалды. Жалпы мемлекеттік бюджеттің шығыстары 97,6 пайызға, республикалық бюджеттің шығыстары 98,6 пайызға және жергілікті бюджеттердің шығыстары 97,0 пайызға атқарылды», - деп атап өтті Бақыт Сұлтанов.

Соңғы жаңалықтар