ҚарМУ өз қызметкерлерін әлеуметтік қорғау жөнінде міндеттемелер қабылдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттің әлеуметтік саясаты принциптерін басшылыққа алған Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті өз қызметкерлерін әлеуметтік қолдау жөнінде ерікті міндеттеме алды, деп хабарлады жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2013 жылғы 14 желтоқсандағы Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстанның әлеуметтік саясатының жаңа принциптері белгіленді - оның негізіне әлеуметтік кепілдіктер мен жеке жауапкершілік алынды. «Қарапайым адамдардың әлеуметтік көіл-күйі - біздің басты мақсатқа ілгері жылжуымыздың маңызды индикаторы болуы тиіс», - деген болатын Мемлекет басшысы.

2014 жылғы 14 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент 2014 жылдың 1 сәуірінен бастап, мемлекеттік мекемелердегі және мемлекеттік қазыналық кәсіпорындардағы азаматтық қызметкерлердің лауазымдық жалақыларына 10 пайыз мөлшерінде үстеме қосуды қарастыруды тапсырған болатын. Бұлар, ең алдымен, білім, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік қорғау қызметкерлері.

20 наурызда өткен Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-да Ғылыми кеңестің кезектен тыс отырысы болды, онда жоғары оқу орнының ректоры, профессор Еркін Көбеев білім ордасының қызметкерлерін әлеуметтік қолдау қажеттігі туралы мәселе көтерді. ЖОО басшысының түсіндіруінше, 2012 жылы университеттің заңдық мәртебесі өзгерді, ол республикалық шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынға айналды, сондықтан да университет қазыналық кәсіпорын бола алмайды, сондықтан да оның қызметкерлері азаматтық қызметкерлерге қолданылатын ережелер нормасына жатпайды. Шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорын ең алдымен, шығынсыз болуы және өз кірісі есебінен қаржыландырылуы тиіс.

Осыған байланысты нарықтық шаруашылық жүргізуде үнемділік қажеттігіне қарамастан Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ оқытушылардың, студенттердің өмір деңгейін және сапасын жақсарта түсуге бағытталған әлеуметтік шараларға зор мән беріп келеді.

«Біз оқытушыларымызды, қызметкерлерімізді, шаруашылық қызметтер қызметкерлерін, яғни университеттің барлық ұжымын әлеуметтік қолдау мүмкіншілігін таптық және 2014 жылғы 1 сәуірден бастап, лауазымдық жалақыларға 10 пайыз үстеме қосуға ұйғардық», - деді Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ ректоры.

ҚарМУ-дың бұл шешімі Қазақстан экономикасын ойдағыдай дамытуға қызметкерлерді материалдық ынталандыруға, азаматтарды әлеуметтік қорғауға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба болып отыр.

Соңғы жаңалықтар