Қармақшыда Ерлан Нысанбаев атындағы бокстан облыстық ашық турнир басталды-Қызылорда

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Аудандық спорттық сауықтыру орталығында халықаралық, республикалық жарыстардың жеңімпазы өмірден ерте озған боксшы Ерлан Нысанбаевты еске алуға арналған бокстан 2001-2002 және 2003-2004 жылы туған жасөспірімдер арасындағы облыстық ашық турнир басталды,-деп хабарлады ҚазАқпарат Қармақшы аудандық әкімдігіне сілтеме жасап.

Көзді ашып жұмғанша арамызда жігері оттай жанып тұрған өзгелерден ерекше болып туған Ерлан Нысанбаевтың өмірден өткеніне 9 жыл болыпты. 1989 жылдың ақпанында ауданымызға белгілі дәрігер Бақытжан Нысанбаевтың отбасында дүниеге келген тұңғыш ұл Ерлан кішкентайында-ақ жылдам, жайдары мінезді, жан-жақты, қолы ашық, ақкөңіл, көпшіл еді. 1995 жылы №250 мектептің 1 сыныбына қабылданып, 2005 жылы 9 сыныпты бітіргеннен кейін Алматы қаласындағы әскери колледжіне оқуға түсті. 2002 жылдан бастап аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бокс үйірмесіне қатысып, аз ғана уақыттың ішінде өзінің жеңіске деген құштарлығымен көзге түсіп, Қызылорда облысының чемпионы атанды. Арал қаласында Зібайраевты еске алуға арналған республикалық турнирде, бірнеше рет аудандық, облыстық турнирлерде жүлдегер атанды. 2004 жылы Ақсу қаласында халықаралық турнирде чемпион атанды. 2004 жыл Қарағанды қаласында Серік Нұрқазовтың жүлдесіне арналған, халықаралық турнирде ІІІ-орын алса, 2005 жылы Алматы қаласында өткен республикалық «Күштілер» турнирінде чемпион атанды. Сондай ақ, Алматы қаласындағы бокс құрамасының 69 келі салмақтағы бірінші нөмірлі боксшысы болды.

Аталған турнирге облыстың барлық аудандарынан 100-ден аса жас спортшылар қатысуда. Жыл сайын дәстүрге айналған турнир биыл ерекше сән салтанатымен бастау алды. Ер Ерланның өміріндегі айтулы күндердің құрметіне орай, ұйымдастырылған жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Б.Нақыпов сөз сөйлеп, барлық спортшыларға сәттілік тіледі. Аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімі мен достарының ұйытқы болуымен биыл 3 рет жалауын желбіреткен жарыс 19-22 қазан аралығында өткізіледі.

null null  

Соңғы жаңалықтар