Қарлагта тұтқында болған Ахико туралы спектакль Жапонияда қойылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры Жапонияға гастрольдік сапармен бара жатыр. Отандық өнерпаздар соғыс кезінде Қазақстанда тұтқында болған жапондық Ахико Тецуроның өмірі туралы спектакль қоймақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақтастан шыққан Ахико» қойылымының премьерасы 21-25 желтоқсан аралығында Токиода өтеді.

Жапон тіліндегі афишалар Токио көшелеріне іліне бастады.

Қойылымның өзі қазақ тілінде, жапон тілінде синхронды аударма болады.

«Қарлаг тұтқыны Ахиконың өмірі арқылы барлық жапондық тұтқындардың Қазақстандағы өмірін көрсеткіміз келеді. Лагерьден босап шыққан күні Ахиконың салмағы бар-жоғы 24 келі болған. Тағдырдың мұндай тәлкегінен 750 мың адам өткен. Бұл қойылымды Қазақстанның қалаларында былтыр қойғанбыз. Аншлаг болды. Жапон елшілігі бұл спектакльді Жапонияда, Тецуроның отанында қоюға ұсыныс білдірді», - деді театр директоры Ерлан Біләл.

Ахико Тецуро Кеңес одағы кезінде Сталин репрессиясының құрбанына айналған. Небары 17 жасында Қарлаг тұтқыны болды. Спасск лагерінде 6 жылын өткізді. Лагерьден босап шыққан соң ол Қарағандының Ақтас деген жерінде тұрақтап қалады.

Кейін Шахтаға орналасады, зауытта дәнекерлеуші боп жұмыс жасайды. Тецуро украин қызы Еленаға үйленіп, одан 4 бала сүйген. 1989 жылы Ахико Тецуро толығымен ақталды. 

Жарты ғасырға созылған өмірден соң ғана Күншығыс еліне барып туғандарымен көріскен. Жапония үкіметі оған пәтер сыйлаған.  Алайда, онда 3 жыл тұрған соң Ахико қария Қазақстандағы ауылына қайтып келген.

Режиссер Асхат Маемеров  қойылымды драматург Мәдина Омарованың пьесасы желісімен сахналады.

«Қарияның өзімен тілдесуге ауылына бардым. Өзінің жары Елена Ивановна екеуі қарсы алды. Елена апай да Қазақстанға депортацияланған украин қызы екен. Ахико ата қарапайым болса да қиындыққа мойымайтын адам екенін көрсетті. Пьеса жазу оңай болмады, себебі бұл кісінің артында мыңдаған тағдыр тұр. Олардың көпшілігі ақталмай өтті өмірден», - деді пьеса авторы Мәдина Омарова.

Қазір Ахико қарттың жасы 87-де, 11 немере, 5 шөбере сүйіп отыр.

Қария Қарағандыда өткен прмьераға қатысып, өзінің ыстық ықыласын білдірген болатын.

Сонымен қатар, Токиода Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры «Ұлы дала халқы» концертін ұсынып, ұлттық бұйымдар өрмесін өткізеді.

Соңғы жаңалықтар