Кәрім Мәсімов триатлоннан Қазақстан чемпионатын ашады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 29 шілдеде Астана қаласында триатлоннан Азия чемпионаты, ал 30 шілдеде Қазақстанның ашық чемпионаты өтеді. Қазірге дейін Азия чемпионатына 10-нан астам елден 40-қа жуық триатлоншы қатысуға өтініш берген, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Астанада халықаралық дәрежеде сайыс өткізуде бізде үлкен тәжірибе бар. Өздеріңіз білетіндей, қос сайыс та «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында өткізіледі. Бірсыпыра шаруалар атқарылды. 30 шілде өтетін Қазақстанның ашық чемпионатына 200 адам қатысады. Триатлеттердің спорты оңай емес. Триатлоншыларды «Темір адам» деп текке айтпайтыны белгілі», - дейді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі  Спорт және дене шнықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Серік Жарасбаев.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, әйелдер арасында және ерлер арасындағы Азия чемпионатының жүлде қорына 15 мың АҚШ доллардан тігілмек. Триатлоншылар 750 метр қашықтықты өзенде жүзіп өтіп, 20 шақырымды веосипедпен бағындырса, соңғы 5 шақырымды жүгіріп өтеді. Ал 30 шілдеде өтетін ашық чемпионатта спорт әуесқойларына кәсіпқой атлеттермен қатарлы 1,9 шақырымды жүзіп өтіп, 90 шақырымды велосипедпен бағындырып, жарысты 21 шақырымға жартылай марафонмен аяқтауға мүмкіндік беріледі.

Айта кетейік, Ашық чемпионатқа қатысуға 200-ден аса адам өтініш берген. Олардың арасында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қатыспақ. Триатлоннан Қазақстан ашық чемпионатының салтанатты рәсімін ҚР Триатлон федерациясының президенті Кәрім Мәсімов ашатын болады.

Сондай-ақ Әкімшілік полиция басқармасының хабарлауынша, 29-30 шілдеде триатлоннан турнир өткізу кезінде кейбір көшелерде көлік қозғалысы тоқтатылады.

Соңғы жаңалықтар