«Қаражорғаң» қайда, қазақ - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай өзекті мәселелерді көтерді? «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей оқырман назарына еліміз өңірлеріндегі баспасөзге шолуды ұсынады.

* * *

Қойшы «Қазақваген» көлігін ойлап тапты - «Ақ жол» газеті
                             null                                                                    

«Облысымыздың тұрғыны, қарапайым қойшы үш дөңгелекті мотоциклден автокөлік жасап шықты. «Қазақваген» деген атқа ие болған ерекше көлікті оның көршілері видеоға түсіріп, желіге жариялаған. Ал өнертапқыш Төлеген Юсуповтың өзі танымал болу туралы мүлде ойламапты» деп жазады Жамбыл облыстық «Ақ жол» газеті.

Өнертапқыш қойшының көлігі өте үнемді екен - 100 шақырым жерге 1 литр ғана жанармай шығындайды. Сағатына 80 шақырым жылдамдықпен жүреді. Негізінен күн батареясымен жұмыс істейді. Тіпті жүк салғышы да бар.

«Көлік жасап шығуда ешқандай шығын болған жоқ. Мотоциклге қозғалтқыш пен рөл салдым. Сосын сыртын алюминиймен қаптадым. Ішінде бәрі бар: қуаттағыш, пеш, кондиционер, музыка. Бұл көлікпен өріске шығып, мал бағамын. Кез келген ауа райында қолданамын, бұзылмайды, - дейді Төлеген Юсуповтың өзі».

Өнертапқыш қойшының көлігінің іші өте ыңғайлы екен. Онда 3 адамға дейін отыруға болады. Ол көлігін әлі де дамытып, жетілдіру жолдарын қарастырып жүр екен. Қарапайым қойшының бұл еңбегі халықты тамсандыруда. Бір атап өтерлігі, бүгінде «Қазақваген» көлігіне тапсырыс беріп қойғандар да бар екен.

«Қаражорғаң» қайда, қазақ? - «Қостанай таңы» газеті

«Қостанай таңы» газетінде жарыққа шыққан мақалада бір кездері нағыз ұлттық биге айналған «Қаражорғаның» соңғы жылдары «өшіп» бара жатқанына қынжылыс білдіргендей. Автор жеті-сегіз жыл бұрынғы Қазақстандағы той-томалақтан бастап, түрлі шараларға дейін «Қаражорға» биінсіз өтпегенін, тіпті мыңдаған халық үлкен қалаларда «Қаражорға» билеп акция өткізгенін еске салады. Бидің сауықтыру орындарында да қолданылғанын жазады.

«Айта берсеңіз, қазақ жұртына жаппай тараған «Қаражорға» билеу сап тыйылды. Оған ежелден келе жатқан өнердің қазақтың биі ме, емес пе?» деген сан пікірлердің жұртшылықты екіұдай күйге қалдырғаны себеп болды ма, кім білсін? Зерттеушілер де, көнекөздер де мейлінше дәлелдер келтіріп, өз ойларын айтып бағуда. Ұмытылып қалған төл өнерді қайта жаңғыртуға үлес қосқан Арыстан Шәдетұлының өзі «Қаражорғаны» «буын биі», «бақсы биі» деп атап, оның тарихы тереңде, шамандық дәуірден қалған дегенді келтірді. Орхон түркілерінің заманынан тастарда таңба болып қашалған айғаққа сүйене айтты» деп жазады «Қостанай таңы».

Автор сонымен қатар, бұл биге қырғыздың да таласы бар екенін еске салады. Қырғыз ғана емес моңғолдар да бұл биге қолқалы. Дегенмен, оларды қайдам қазақ арасында «Қаражорғаның» ұмыт болып бара жатқанын шындық екені айтылады.

«Айтпақшы, биылғы қаңтарда Астанада өткен құрлықтық лиганың ең үздік хоккейшілері мұз үстінде «Қаражорғаны» биледі. Жұлдыздар матчында алғашқы күні алаңға шыққан бұрымды хоккейшілер екінші кезеңнен кейін ұлттық биімізді биледі. Шығыс конфедерация командасының арулары бұл нөмірді қарсыластарының флешмобына жауап ретінде ойлап тапқан екен. Біздің санамыздан бастап, қанымызға дейін сіңіп қалған шығыс, ұйғыр, кавказ, славян, испан қатарлы билер аз емес. Ал бір мезетте келіп, халқымыздың жүрегін жаулап алған «Қаражорғаның» соншалықты өміршең болмағаны қалай деген ойға қаласың» деп түйіндейді автор.

Академиктің қол таяғы - «Сарыарқа самалы» газеті

Баянауылдағы Қ.Сәтбаев мемориалды мұражайында қазіргі таңда 4 мыңға тарта жәдігер бар екен. «Сарыарқа самалы» газетінің жазуынша, оның көпшігі Қаныш Имантайұлының, туыстары мен отбасының пайдаланған заттары, академиктің еңбектері. Ал сол жәдігерлер арасында академиктің өзі ұстаған қол таяғы жұрттың назарын бірден аудартады. «Өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары қазақтың оқыған зиялы ер азаматтарының арасында әшекейлі әдемі қол таяқ ұстау сәнге айналған-ды. Міне, сол кезде академик Қаныш Имантайұлы да қол таяқ ұстаған екен. Қол таяқ мұражайға 2010 жылы тапсырылған» деп жазады «Сарыарқа самалы». Таяқты мұражайға жасы жүзге жеткен ардагер ұстаз Күлшәт Абылқайырова табыстаған екен. Күлшәт апаның қайын атасына бұл таяқты Қаныштың өзі сыйлаған деседі. Айта кетерлігі, ғалым Қаныш ұзын бойлы, сымбатты болғаны белгілі. Бірақ таяқ қысқарақ. Бұл туралы Күлшәт апа өзі 80 жасқа таяғанды осы таяқты көршісіне қысқартқанын айтып, оны бекер жасағанына өкінетінін жеткізіпті. Ең бастысы Күлшәт апа: «Жасым келіп қалды. Қаныш ағаның көзіндей болған осы таяқтың ендігі орны мұражай болуы тиіс» деп сол кездегі мұражай директоры Үміт Сағымбековаға табыстаған екен.

Клипомания - «Орталық Қазақстан» газеті

null 

Бүгінгі ұрпақтың бойында таралған, жастың да жасамыстың да шалдыққа дерті туралы «Орталық Қазақстан» газеті мақала арнапты. «...бүгінгі тірлігіміз тіпті қызық. Телевизорды компьютер, оны ноутбук пен планшет ығыстырып шықты. Енді бұларды қалта телефон (смартфон) қуып тастайтын түрі бар. Үлкен де, кіші де алақандай телефонға телміріп қалған. Онсыз ас батпайды ешкімге. Ауызекі тілдесуден қалдық. Айтатынын «WhatsApp» арқылы жазып жібереді» деп жазады автор. Әлеуметтік желіге телмірткен әлеуметтің бұл «дертін» батыстың бір ғалымы «клипомания» деп атапты. Мақала да сол жайында болып отыр. Автор бұл ретте ақпарат ғасырындағы «бірін бірі ескіртіп» жатқан жаңа технология пәрменіне тоқтала келе, оның жақсы жақтарымен қоса, жағымсыз тұстарын да тізбектейді. Ақыры бұл дерттің дауасына да тоқталады. Ал бұның дауасы - кітап оқу екен. «Ұлы Абай атамыз: «Ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, құшпақ, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек, айлалы болмақ, алданбастық - бұл нәрселердің де өз өлшемі бар», «Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт себеп бар: бірінші көкірегі байлаулы беріктік, екінші - ғибратлану, тұщынып ынтамен ұғу, үшінші - бірнеше қайтара ойланып, көңілге бекіту, төртінші - ойдың кеселді нәрселерден қашық болуы керек», дейді. Тәңіріміз Адам атты пендесіне ең қымбат өмірді өлшеп бергенде, басқа дүниеге де өлшем, шек болатынын Ұлы Һакім атамыз төбемізден төндіріп тұрып ежіктеп түсіндіріп тұр» деп түйіндейді автор.

  

Оңтүстікқазақстандық оқушылар құрт бағып жүр - «Оңтүстік Қазақстан» газет

null
 

«Оңтүстік Қазақстан» газетінің жазуынша, Шымкенттегi химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлiк мектебiнің оқушылары Нұрхан Қадыров пен Қазыбек Әлсейiтов топырақ құнарлығын арттыру жобасын қолға алған екен. Бұл үшін балалар шұбалшын секiлдi калифорниялық қызыл құрттарды өсiруді қолға алған. Құрттар асхана қалдықтарымен тамақтанып, кәдiмгi шұбалшындарға қарағанда тыңайтқышты бiрнеше есе көп бөледi. Айта кетерлігі, оқушы балалар жауын құрттардың азайып кеткеніне де алаңдаулы екен. Айтуынша, жауын құрттар топыраққа ауа мен судың сiңуiне септiгiн тигiзiп, органикалық қалдықтарды экологиялық таза әдiспен тыңайтқышқа айналдыра алады. Ал қазір, өкiнiшке қарай, ауыл шаруашылығында өсiмдiктердiң өнiмдiлiгiн арттыру мақсатында минералды тыңайтқыштар қолданылады. Бұл химиялық заттар топырақтың құнарлылығын төмендетiп, онда тiршiлiк ететiн шұбалшындардың жойылуына әкеп соғуда.

null 

«Айта кетейiк, бүгiнде калифорниялық қызыл құрттарды өсiру әдiсi Венгрия, Польша, АҚШ, Жапония елдерiнде кеңiнен қолданылуда. Елiмiзде мұндай жұмыстармен «Кималайн» ЖШС-i, «ТАВ» ЖК, «Борис Умекенов» ЖК, «Қойбағаров» ЖК және тағы басқалар айналысады. Олардан 1 келi биогумусты, яғни дайын тыңайтылған топырақты 70 теңгеге, ал, калифорниялық құрттың бiр данасын 5 теңгеден сатып ала аласыз» деп жазады газет.

null 

Келінін балағаттаған ене жауапқа тартылды - «Атырау» газеті

null 

«Атырау» газетінің жазуынша, Қызылқоға ауданында істері сотқа дейін жеткен енесі мен келіні бір аулада тұратын көрінеді. Сөзге келіспей қалғанда енесі келінін балағаттап, ар-намысына тиетін сөздер айтып, сыйламаушылық білдіріп, әкімшілік құқық бұзушылық жасаған.

«Сотта айыпталушы кінәсін мойындап, келініне ашумен балағат сөздер айтқанын растап, келінімен өзара медиатордың көмегімен татуласқандарын жеткізген. Өз кезегінде жәбірленуші келіні де енесіне кешірім бергенін баяндап, өзара медиация тәртібінде татуласуларына байланысты әкімшілік істі тоқтатуды сұрапты», деп жазады «Атырау» газеті. Сөйтіп, қазіргі күні ене мен келіннің арасына да медиация жүретін болған екен. Естімеген елде көп деген...

Өскеменде жасанды сүйек жасайды - «Дидар» газеті

null 

«Шығыста Өскеменнің титаны мен танталынан, ниобиінен, магниінен медицинаға қажетті құралдар мен жасанды имплантаттар шығарып, өңір өндірісін түбегейлі жаңғыртып, жаңаша, инновациялық бағытта өркендетуге мүмкіндік беретін жеті бірдей индустриялық жоба-бағдарлама жасалып, өнеркәсіптік-тәжірибелік сынақтан өткізілгелі жатыр» деп сүйіншілейді «Дидар» газеті.

Айта кетерлігі, жаңа технологиялық серпіліс әкелетін жобалардың технологиясын сынақтан өткізуге қажетті құрал-жабдықтар желтоқсанда шетелден әкелінген. Құрал-жабдықтар негізінен немістікі. Ондай құралдар Қазақстандағы университеттер мен кәсіпорындардың ешқайсында жоқ екен. Ең бастысы - бұл технологиялар арқылы жасанды сүйек жасалынады. «Мынау біздің учаскеде тәжірибе түрінде алынып отырған кәдімгі тат баспайтын құрыштан жасалып шығарылған «жауырын» имплантат, одан әрі сынған сүйекке салынатын осы имплантатты титаннан жасайыз. Таза титан адам организміне, сүйек тініне жақын, онымен бірге бітісіп кететін жақсы материал, - дейді жаңа құралдармен жұмыс істеуді үйреніп жатқан университеттің докторанты, кіші ғылыми қызметкер Александр Микин».

null 

Айта кетерлігі, ғылыми-тәжірибелік сынақ алаңына еліміздің ортопедия, травматология ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері келіп, көріп, имплантаттар үлгілеріне тапсырыстар беретіндіктерін айтыпты. «Көз қорқақ, қол батыр. Құнды металдарды қолға алып, ғылымның бірегей жобаға кіріскені жаңа өнімді шығаруға қабілетіміздің барын байқатты. Шетелден сатып алуға сан миллион қаржы жұмсалып жатқан сол қымбат та күрделі өнімдер өзімізде шығарылып жатса онда, өндірісіміздің өркендегені» деп түйіндейді автор.

null 

Соңғы жаңалықтар