Қаратөбеде мыңға жуық адам жұмыспен қамту шараларына тартылды - БҚО

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері Қаратөбе ауданында 942 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Нәзира Жұмағалиеваның айтуынша, Елбасы тапсырмасына сәйкес қолға алынған Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында нақты жұмыстар атқарылуда. Бұған биылғы он айдағы деректер дәлел бола алады. Мысалы, «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық, кәсіби біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамту» 1-бағыты бойынша өмірде жолы бола қоймаған жастарға мүмкіндік берілді. Аудан бойынша 9-11-сыныптарды бітірушілер, ҰБТ-да шекті балды жинай алмаған және оқу орындарына түспеген, аз қамтылған отбасыдан шыққан 31 жас азамат 1 қыркүйектен бастап техникалық және кәсіби оқытуға жолданды. Сонымен қатар еңбек нарығында сұранысқа ие түрлі мамандықтар бойынша 121 адам қысқа мерзімді курстарға жіберілді.

Бағдарламаның «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» 2-бағыты аясында 14 адамға 101,035 млн теңге несие берілді. Бұл олардың өз кәсібін дамытып, кеңейтуіне, жұмыс орындарын ашуына мүмкіндік береді.

«Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» 3-бағыты бойынша 350 адам дерекқорда бар бос жұмыс орындарына тұрақты жұмысқа орналастырылды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 41 адам, алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтау мақсатында жастар практикасына 53 жас маман жолданды. Оған қоса 332 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды.

«Сонымен, мемлекетіміз тағы бір бағдарлама арқылы тұрғындардың жұмыспен бірге нәпақасын айыруына, тіпті жаңадан кәсіп көзін ашуына жол ашып отыр. Мұны, әсіресе, ауыл адамдары тиімді пайдалана білсе, олардың тұрмыс деңгейі көтеріліп, әл-ауқаты арта түсері анық», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Н.Жұмағалиева.

Соңғы жаңалықтар