Қарапайым малшының да нағыз патриот екенін ұмытпайық - Тәуелсіздік құрдасы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Тәуелсіздік құрдастары» атты жобамыздың келесі қонағы - Қуаныш Тыныбек. Қуаныш 25 жыл бұрын Кеңес одағынан ыдыраған Қазақстанның ішіндегі халыққа тәуелсіздік алдық деген бір , Алтайдың ар жағындағы атамекенді аңсаған жұртқа «киелі көш» басталды деп екі рет сүйінші сұратқан бала боп туыпты. Тұсауы атажұртта кесілген Қуаныш қазір Теміртау қаласында орналасқан Елбасы атындағы музейде қызмет етеді екен.

- Қуаныш, сіз дүниеге келген шақ ата-анаңыз үшін шынымен де қос қуаныш еді. Бір жағынан, Отанымыз егемендік алып жатса, екінші жағынан сол егемен елдің болашағы - ұл бала дүниеге келді. Жалпы, ата-анаңыздың сол 1991 жылдың желтоқсаны туралы еске салып айтып отыратын әңгімесі бар шығар, сол туралы айтып беріңізші? Тіпті, Сіздің атыңызды Қуаныш деп айтудың да «құпиясы» бар шығар?

- Есімімде соншалықты құпия жоқ. Қуаныш сөзі сол уақытта киелі қазақ даласы мен дүниенің әр қиырында жүрген қазақ жұртының көңіл күйін сипаттаған жалғыз сөз болатын. Қазақ елінің Тәуелсіздік алуы біздің әулет үшін қуаныштардың басы болыпты. Елдің бәрі арқа-жарқа болып жатқан кез, ауылға «Қазақстан тәуелсіздік алыпты, жеке ел болыпты!» деген сүйінші хабарлар енді жетіп жатқан сәтте мен де туыппын. Бұл - 1991 жылдың 27 желтоқсаны болатын. Жұрттың жүзінде қуаныш. Сол хабарлармен бірге «Енді Атамекенге көшеміз, Атажұртқа ораламыз!» деген сияқты сөздер де шыға бастаған екен. Бұл қуаныштардың ең үлкені болған. «Ұлттың  қамын ойлайтын ұл болсын, сүйіншілетіп жеткен құлыным!» деген тілегін айтып нағашы әжем Қуаныш атандырыпты.

null  

- Егемендіктің арқасында атажұртта тәй-тәй басып, бүгін міне, еліңнің дамуына үлес қосып отыр екенсіз?

- Иә, сөз басында айтып өткенімдей, 1991 жылдың 27 желтоқсанында Алтайдың арғы бетіндегі Бай-Өлкеде қалың қазақтың арасында өмірге келгем. 1992 жылдың басында «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасымен Атажұртқа қоныс аударыппыз. Осы жаққа келгенде тұсауым кесілді. Мектеп, колледж, университетті  бірақ осы жақта (Қарағандыда)  бітірдім. Қазір Қарағанды облысы, Теміртау қаласында тұрып жатырмын.

- Біздің білуімізше, сіз Теміртау қаласының музейінде жұмыс істейсіз? Жалпы, музей қызметкерінің бүгінгі келбеті қандай?

- Теміртау қаласының жанындағы Ақтау кентінде мектепті бітіріп, Қарағандыдан оқу іздедім. Көп жастар өмірлерінде мамандық таңдауда қателік жіберіп жатады. Мен де сөйттім. Бірақ өкінетін ештеңесі жоқ. Кеншілер шаһарындағы Орталық Қазақстан Академиясында «Экономист» мамандығы бойынша білім алдым. Ал, мәдениет саласы, музей  - менің тағдырым. Басқа ешқайда кеткім келмейді. Музей - кез келген халықтың мәдениетінің өлшемі, бет-бейнесі. Сол сияқты музей қызметкері де өз ұлтының тарихын, салт-дәстүрі мен бар болмысын  бойына сіңірген адам болуы керек.

- Өзіңіз қызмет етіп жүрген музейдің тарихы туралы, ондағы қызықты деректер туралы көбірек айтып беріңізші?

- 2011 жылы оқуымды бітіріп Теміртауға келдім. Басқа да қатарластарым сияқты түйіндемемді жазып, жұмыс іздедім. Сол кезде қаланың төрінде жаңадан бой көтерген Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы да өз жұмысын бастау үшін БАҚ-қа хабарландырулар беріп, қызметкерлер жинап жатыр екен. Конкурстық іріктеудің негізінде Алла сәтін салып, Орталықтың музей қызметіне  «Экскурсия жетекшісі» ретінде  жұмысқа қабылдандым. Мұндағы жұмысым  - Теміртаудан түлеп ұшқан Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың өнегелі өмір жолын, металлургтер қаласының тарихымен байланыстыра отырып, жұртшылыққа насихаттау. Қарағанды металлургиялық комбинатының іргетасы қаланған кездерден бастап  «болатты балдай балқытып, құрышты судай қайнатып» жүрген даңқты металлургтердің өміріне назар аудара отырып, тек Домна пешінің өзінде сегіз жылдан астам уақыт жұмыс істеген ел Президентінің еңбек  жолына үңіліп қарауға болады. Өйткені зауытта темірдің су сияқты еріп, арнайы жасалған арналармен ағуы  үшін температура 1250 градустан кем болмауы керек. Ал, пеште жұмыс істейтін көрікші қалың киізден жасалынған жұмыс киіммен сондай ыстықта балқып жатқан темірді ауыр көрікпен сапырады, араластырады. Бұл жұмыстың ауыртпалығын  тек зауытқа барып немесе  музейге келіп көру керек. Айтып жеткізу мүмкін емес. Тәуелсіз Қазақ елін алға сүйреп, әлемдік саясаттың сойылын соғып жүрген сындарлы саясаткер ердің ерін ғана шынықтырып шығаратын «Домна  мектебінің»  құрыштай түлегі екенін түсінуге болады. Сол себептен де қазақ елі Теміртауды Елбасы еңбек еткен жер, Президенттің еңбек жолы басталған қала  деп таниды.

- Тәуелсіздік құрдастары деп жатырмыз ғой, осы 25 жыл үлкен мемлекет үшін аз уақыт болғанмен, жеке тұлға үшін өмірдің тең жартысы деуге болады. 25 жылда адам қандай мақсаттарды орындап, өзін қай деңгейде көрсету керек деп ойлайсыз?

- Егер  ұлтжанды жеке тұлға ретінде ширек ғасырлық уақытқа баға беретін болсақ, бұған мысалдың үлгісін нәбары 20 жасында-ақ Ташкенттегі базарлардан жүздеген жетім балаларды жинап, оларға интернат ашып берген қазақтың Ғаниы (Ғани Мұратбаев) көрсеткен еді. Ал, қазіргі уақыттың өлшемімен алсақ бұл ЖОО-ды енді ғана бітіріп, қызметтік жолға аяқ басатын сәт қана. Дегенмен, білім мен біліктілікті ұштастырып, еңбек етуді - ес білуден бастаған қазақтың балалары ең болмағанда өмірден өз орындарын табатын саланы таңдап,  кәсіпті меңгеріп және ең бастысы ұлдар «отау иесі» болып, қыз балалар «орнын табуы» керек деп ойлаймын. Бұл уақыттан қалса кеш болады.

null  

- Сіздіңше, елінің патриоты, халқының жанашыры деген кім?

- Артық сөзсіз өз кәсібіне адал еңбек етіп жүрген қазақтар. Мысал ретінде ауылдағы қарапайым малшыны айтуға болады. Малын өсіріп, өнімін сатып, отбасын, ағайын-туысқанын асырап, ауылдастарын жұмыспен қамтып отырған шаруа. Өнім өндіру мен шағын кәсіпкерлік саласындағылардың да орны ерекше. Сонымен қатар өмірді интернетсіз елестете алмайтын мына заманда үкіметтен бір тиын қаржы сұрамай-ақ ғаламтор кеңістігін қазақша контентпен толтырып жүрген ұлтжанды жастарды ұлттың шынайы  жанашырлары деп атар едім.

- Жеке тұлға ретінде Қазақстан енді қай бағытта дамып, қай салаларда әлемдік рейтингті бастау керек деп ойлайсыз?

- Біздің елге ешқандай әлемдік рейтингке ұмтылудың қажеті жоқ. Рейтингке ұмтылу процесі 25 жылда елімізді сападан гөрі санға, «Арзан атақ, құр мақтанға» (Абай) құмар қылып жіберді. Қай салада болмасын жалған есеп беру мен сапасыздық өрістеді. Бұл өз кезегінде жемқорлықтың асқынып кетуіне әкелді. Өзгеден үлгі алу керек еді. Оған Батысты айтпағанда, мыңжылдықтар айналып жатса да қозғалмайтын Қытайдың ішкі саясаты, коммунистік  тәртіпті сақтай отырып, нарыққа  капитализмнің қажетті элементтерін енгізген Дэн Сяопиннің  идеясы, ғажайып «Сингапур ертегісінің» атасы Ли Куан Юдың ұстанымдары жақсы мысал еді. Бізде елдің дамуы үшін  барлық мүмкіндік бар. Ресурс жетерлік. Егер сұрағыңыз белгілі бір салада әлемдік көшті бастау жайында болса мемлекеттік билік елдегі жемқорлықты жойып, ауыл шаруашылығы саласына шындап көңіл бөлу қажет.  Қазақ алдағы елу жылда көлік жасау, оны құрастырумен Кореяны, Жапония мен Германияны басып озып, әлемдік нарықта ештеңе жасай алмайды. Ең дұрысы, бар мүмкіндікті пайдалану. Игерілмей жатқан кең даланы ел тұрғындарына ұзақ жылдарға жалға беру, оны игеру үшін  қажетті техникалық құрал-жабдықтармен көмектесу керек. Сонда ғана бұл салада жоғарғы көрсеткіштерге ұмтыла аламыз.

null  

- Тәуелсіздіктің түйдей құрдасы Қуаныш  еліне не тілейді?

- Тарих таразысында көп ұтылып жүрген халықтың басына қонған бармақтай ғана бағы - Тәуелсіздігі. Елдік, еркіндік бар жерде ұлт өсіп, өркендейді. Қазақтың әрбір ұл мен қызы мемлекетті құраушы ұлттың өкілдері өздері екенін сезіне отырып, елдіктің еңселі болуына үлестерін қосуы керек. Аға буын өкілдерінің коммунистік жүйенің кезінде жоғалтқан сана сезімдері мен ұлтымыздың құндылықтарын қайтару, жоғалтқанымызды түгендеу  Тәуелсіздіктің құрдастарынан, яғни біздің буыннан басталса да кеш емес. Алла Алаштың елдігін еңселі етсін!

- Сұхбатыңызға рақмет! 

null 

Соңғы жаңалықтар