Қарахан мемлекеті дәуіріндегі кесене табылды - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

***
 
Теһран-Астана қарым-қатынастары мәдени келісімге қол қойылғаннан кейін кеңейе түседі - «Фарс» ақпарат агенттігі
null 

«Иранның Мәдениет және исламдық байланыстар ұйымының төрағасы Иран мен Қазақстан арасында мәдени келісімге қол қойылғаннан кейін Теһранда тілшілерге берген сұхбатта мәдени келісімнің екі елдің қарым-қатынастарының тереңдей түсуіне ықпал ететінін қуаттады»  - деп жазады parstoday ақпарат агенттігі.

«Иранның Мәдениет және исламдық байланыстар  ұйымының төрағасы  Абузар Ибрахими Торкаман бейсенбі күні Иран мен Қазақстан үкіметтерінің жасалған келісімді жүзеге асыру үшін қажет бюджет бөліп, шара қолданатынын айтып, бұл келісім алдағы бірнеше жылға арналған екі ел арасындағы мәдени байланыстар жоспарын қамтиды» деген. Ал, Қазақстанның Мәдениет, туризм және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да тілшілерге «Иранмен мәдени келісімге қол қою Теһран мен Астананың мәдениет, өнер және спорт салаларындағы ынтымақтастықтар деңгейін арттыру үшін жақсы мүмкіндік болып табылады" деп мәлімдегенін жазады аталған ақпарат көзі.

 «29 тараудан тұратын мәдени келісімге екі күнге созылған келіссөздерден кейін бейсенбі күні Иранның Мәдениет және исламдық байланыстар  ұйымының төрағасы  Абузар Ибрахими Торкаман мен Қазақстанның Мәдениет, туризм және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қол қойды. Осы келісім жасалғаннан кейін кинематография, театр, музыка салаларында екіжақты серіктестіктер және қолжазбалар мен Иран-Қазақстанның мәдениет қайраткерлері арасында ынтымақтастық орнату, көрмелер, сурет көрмелері және мәдени апталықтар өткізу бөлімдеріндегі екіжақты ортақ әріптестіктер жүзеге асырылатын болады» деп түйіндейді екі елдің екі күнге созылған мәдени ықпалдастығы жөніндегі ақпаратын «Фарс» агенттігі 

Қазақстандық ЖОО дайындық курсқа қабылдау үшін Моңғолияға барды - kaznews.mn
null 

Ақпарат көзінің  мәлімдеуінше, ҚР жоғары оқу орындарының өкілдері 1 жылдық дайындық курсқа мектеп бітірген түлектерді қабылдау үшін  Моңғолияға барған.  «Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігі 15-18 тамыз аралығында Налайх қаласы, Ховда аймағының Ховд сұмыны және Баян-Өлгий аймағының Өлгий қаласында Моңғолияда мектеп бітірген түлектер үшін қазақстандық жоғары оқу орындарының 1 жылдық дайындық курсына сынақ жүргізілетінін хабарлайды» делінген моңғол елінің ақпараттық порталында.

Сынақтан өткен талапкерлер Қазақстанда тегін оқу (1 жылдық) және жатақханамен қамтамасыз етіледі екен.  Дайындық курсына сынақ жүргізу шарасының  моңғол еліндегі негізгі ұйымдастырушы  Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігі деп мәлімдеген kaznews.mn.

Бүркітші қыз Айшолпан Азияның беделді сыйлығына ие болды - «Қытайдың орталық халық радиосы»
null 

 Осы аптада моңғолиялық қандасымыз бүркітші қыз Айшолпан туралы жағымды жаңалықты  Қытай еліндегі  басты ақпарат көздерінің бірі kazakcnr.com-да оқырман назарынан тыс қалдырмапты.  

«8-тамызда Asia Society Азия және әлемнің дамуына үлес қосқандарға табысталатын Asia Game Changer Awards 2017 сыйлығы иегерлерінің атын атады», деген asiarussia.ru-ның хабарын жариялаған аталған ақпараттық портал.  

«Asia Society төрт жыл бұрынғы Changer Awards Азия ойындарындағы дәстүрді жалғастыра отырып, көрнекті адамдармен, ұйымдармен ынтымақтасып жұмыс істегенін мақтан тұтады.

Биыл награда Ауғанстандағы өз әндерінде ерте некеге қарсы наразылық білдіретін және әйелдердің құқықтары үшін күресіп жүрген жас репер Sonita-ға берілді. Сондай-ақ сыйлық қытайдың кей ең күрделі әлеуметтік, экономикалық және экологиялық проблемаларын шешетін әлемдегі ірі мобильдік байланыс компаниясының бас директорына, әлеммен Үндістанды біріктіретін голливуд жұлдызына, өз елінің ормандарын қорғау үшін өз өмірін арнаған экологқа берілді» дей келе, марапатқа ұсынылғандардың ішінде бүркітші бойжеткен ретінде күллі әлемге танымал моңғолиялық Айшолпан да барлығын атап өткен. «Лауреаттарды Asia Society жаһандық желісінің мүшелері тағайындап, сайлайды»  деп мәлімдейді «Қытайдың орталық халық радиосы» .

Қарахан мемлекеті дәуірінен қалған кесене табылды - TRT агенттігі
null 

Түркиялық радио теледидар агенттігі күллі түркілердің тарихына ортақ мұраларды  әрдайым назарда ұстап отырады. Бұл жолы аталған сайт  Қырғызстанда Ислам дінін қабылдаған тұңғыш түрік елі деп саналатын Қарахан мемлекетінен қалған кесене табылғаны туралы сүйіншілі хабарды өз оқырмандарымен бөліскен.

«Түрік Ынтымақтастық және координация басқармасы мен Қырғызстан-Түркия Манас Университеті елдің солтүстігіндегі Нарын аймағында археологиялық қазба жүргізіп жатқан болатын. Кочкор ауданы Құм-Дөбү ауылы маңында 840-1212 жылдары билік құрған Қарахан мемлекетінде салынған туындыларды жарыққа шығару мақсатында басталған қазба жұмыстары барысында бір кесене табылды. Жерорта теңізі Университеті Көркем өнер факультеті деканы Проф. Осман Еравшар: «Қырғызстанның Нарын аймағында қазба жұмыстары барысында шаршы жоспарлы бір кесене табылды» деді.  Еравшар қазба жұмыстарының бірінші сатысында бес метр тереңдікте шаршы жоспарлы қабірдің 70 пайызының жарыққа шығарылғанын айтты. Бұдан кейінгі сатыда уақытша қорғау мақсатты қоршауға алып, ғимараттың реставрация жұмыстары атқарылады. Қырғызстан-Түркия Манас Университеті Әдебиет факультеті Тарих кафедрасының оқытушысы профессор Қубатбек Табалдиев бұл кесененің кімдікі екенін білгісі келетінін,  нақты дәлелсіз болсада жорамал барын айтты» деп жазады аталған сайт.

«Табалдиев Түркияның қолдауымен жарыққа шығарылған тарихи ғимараттың тек Қырғызстан үшін ғана емес,  бүкіл Орталық Азия аймағындағы елдер мен халықтар үшін үлкен жаңалық екенін атап көрсетті. Ол ғимараттың екі бөлімнен тұратынын,  құрылысында кірпіш қолданылғанын баяндады.  Бұл көшпенді тұрмыс сүрген қырғыз халқының осы аймақтарында мың жыл бұрын отырықшы өмір болғанына белгі болмақ» деп түйіндейді TRT агенттігі.

Қаба ауданы Алқабек ауылында кесте көргізбесі өтті - «Ағажай-Алтай порталы»
null 

Кесте - қазақ қолөнерінің ерекше түрінің бірі. Кесте - сан ғасырлар бойына халқымыздың талантты әйел ісмерлерінің көркем қиялдарын шеберлік құдіретімен бейнелеген ақыл-парасаттарының жауһары. Небір керемет кесте үлгілері әлі күнге дейін жалғасып, ұрпақтан-ұрпаққа жаңғыртылып келеді. Кесте өнері бүгінгі уақытта әсіресе қытайдағы қандастарымыз арасында өз құнын жоймай, жалғасып келеді. Дәл бұл сөзіміздің дәлеліндей  хабарды осы аптада  қытайдағы kz.ts.cn жазды.

«Жуырда, Алтай аймағы  Қаба ауданы Сарбұлақ қалашығы Алқабек ауылында  «Шебер саусақ отбасы» кесте көргізбесі өткізілді. Шараға қатысқан  60 туындының көбі ауыл тұрғындарының өз үйлерінде жасап әкелген  қолөнер бұйымдары екен. Аталған кесте өнері бәсекесінде  45 жастағы Нұрзада Мағыметқызы тоты құстың түрленген кестесін әкеліп біріншілікті еншіледі» деп жазады «Ағажай-Алтай порталы».

Аталған ақпарат көзі бұл жазбаны  жүлде иесі Н. Мағыметқызының  «ұлтымыздың кестемен тігілген бұйымдары ерекше көркемдікке ие балады, сондықтан оны пайдаланған  қандай ұлт өкілі болса да  ұнатып, үйлеріне көрініске  қойып, содан көркемдік ләззат ала алады» деген сөзімен түйіндеген.

Астанадағы «Алтын жебеге» қатысатын моңғол спортшылары белгілі болды - kaznews.mn
null 

Осылай деп хабарлаған Моңғол елінің ақпараттық  порталы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне орай Астанада өтетін әлемдік жарысқа жамбы атудан өз еліндегі спортшылардың қызу дайындалғанын айтады.  «Тамыз айының 11-13 күндері «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында Астана қаласының «Қазанат» атшабарында ҚР-ның Мәдениет және спорт министрлігі және «Түркі халықтарының дәстүрлі спорт түрлері қауымдастығының» ұйымдастыруымен жамбы атудан «Алтын жебе» атты І халықаралық турнир өтеді. Бұл турнирге Моңғолиядан ерлер сайысына Д.Отгоннямба, қыздар сайысына Гэрэлчулуундар қатысуға жолдама алды» деп жазады kaznews.mn.

Соңғы жаңалықтар