Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 335.24
EUR 395.82
RUB 5.82
CNY 50.65

Қарағандының алты тұрғыны бизнесмендерден ақша бопсалаған

Қарағандының алты тұрғыны бизнесмендерден ақша бопсалаған
2017 жылғы 11 тамыз 19:58 721

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандының алты тұрғыны бизнесмендер мен кәсіпорындардың бірінің өкілінен ақша бопсалады деген айыппен сот алдына барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, бір топ ер адам кәсіпкерлердің ақшасы мен автокөліктерін күшпен тартып алып отырған, оларды заңсыз бас бостандықтарынан айырып, алаяқтықпен айналысқан.

Атап айтқанда, қылмыстық топ мүшелерінің бірі кәсіпкерге қоңырау шалып өзі талап еткен мол көлемдегі қаржыны бермесе, ұрып-соғып, болмаса бизнесінің жүруіне кедергі келтіретінін айтып, қорқытқан. Сонымен бірге, ол өзін Көкшетаудағы ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесімін деп таныстырған. Алайда, кәсіпкер мұндай «қамқорлыққа» мұқтаж болған жоқ және бұл оқиғаны жергілікті тұрғынға айтқан. Жергілікті тұрғын тергеушілерге қоңырау соққан. Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті кәсіпкерді жақсы танитындай түр танытқан және қылмыс әлемінде байланысы зор «беделді» адамдардың бірі екенін айтып, ірі көлемдегі ақшаны тезірек жеткізуге кеңес берген. Күдікті кәсіпкермен бірге Қарағандының шеткері аймағына ақмолалық ұйымдасқан қылмыстық топтың жалған мүшелерімен кездесуге барған. Шын мәнінде алты сотталушы қолдан атыс ұйымдастырған және иландыру үшін кәсіпкердің санын жаралаған.

«Жалған атыс аяқталған соң, ұйымдасқан қылмыстық топ «мүшелері» кәсіпкерден 100 мың доллар өтемақы сұраған. Сұраған ақшаны бермеген жағдайда, кәсіпкердің отбасынан кек аламыз деп қорқытқан. Жаралы бизнесмен алаяқтарға 6 миллион теңге тұратын «Тойота Камри» көлігін берген және бағалы бұйымдарын ломбардқа өткізген. Бұл олжаның барлығын сотталушылар иемденген.

Одан бөлек, сотталушылар өзге кәсіпкерді заңсыз түрде бас бостандығынан айырып, жергілікті тұрғыннан ақша алып, қайтарып берген, ал қылмыстық топ мүшелері қайтарылған қарызды тағы да талап еткен. Өздерін қарыз берушінің сенімді өкілдеріміз деп аталған алты сотталушы ақшаның тиісті жерге жетпегенін айтқан. Олар кәсіпкерді өзіне тиесілі «Пежо» көлігімен Қарағандының оңтүстік шығыс ауданына алып кеткен және спорттық кешен аумағында заңсыз ұстаған. Сондай-ақ, сотталушылар көлік ішінен табылған ірі көлемдегі ақшаны алып кеткен.

Одан бөлек, сотталушылар тағы бір кәсіпкердің «Митсубиси» автокөлігін тартып алған.

«Сотталушыларға ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы («Алдын ала ұйымдасқан бопсалау»), 126-бабы («Адам бостандығын заңсыз шектеу»), 200-бабы («Автокөлікті заңсыз иемдену») және 191-бабы («Қарақшылық») бойынша айып тағылды», - деп хабарлады қылмыстық істер бойынша арнайы мамандандырылған ауданаралық соттың баспасөз қызметі.

Сот тыңдалымы қылмыстық істер бойынша арнайы мамандандырылған ауданаралық сотта судья Бекзат Шалғымбаевтың төрағалығымен басталды. Сотталушылардың бірі адвокатының жоқ екенін мәлімдеді. Судья сот тыңдауын кейінгі қалдырып, сотталушыға мемлекеттік қорғаушы беру туралы өтінімді Қарағанды облысының адвокаттар алқасына жіберді.

 

 

Басты сөздер: Қарағанды облысы, Қылмыспен күрес, Заң,
Қате таптыңыз ба? Белгілеп, CTRL+ENTER басыңыз

Пікір қалдыру

Соңғы Пiкiрлер