Қарағандылықтар Қысқы Олимпиада ойындарына қатысушыларды флешмобтармен қолдады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында «Қарлы қыс-2018» және «Ақ қыс-2018» дәстүрлі қысқы спартакиадалар бастау алды. Биылғы жылы жарыстар Пхёнчханде өтетін Қысқы Олимпиада ойындарының ашылуына орайластырылды, деп хабарлайды өңір басшысының ресми сайты. 

Спартакиадалардың ашылу салтанаты 8 ақпанда «Ақжолтай» Мұз сарайында өтті. Қысқы Олимпиада ойындарына арналған мұз үстінде өткен әсерлі шоуды хоккейшілер, конькимен жүгірушілер және мәнерлеп сырғанаушылар ұйымдастырды. Мерекелік шараның шарықтау шегі конькишілердің ауқымды флешмобы болды. 

Спартакиадалар бағдарламасына төрт спорт түрі енгізілген: қысқы Президенттік көпсайыс, шаңғы жарысы, доппен хоккей, конькимен жүгіру спорты. Жарыстар үш алаңда өтеді: «Ақжолтай» спорт мұз сарайы, ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы қысқы спорт түрлері бойынша ОБЖСМ шаңғы базасында, «Шахтёр» стадионында. Бәсекеге облыстың барлық қалалары мен аудандарынан спортшылар қатысады - жалпы есептегенде 600-ден астам адам. 

 Сайыс қорытындысы 9 ақпанда белгілі болады. Бұл күні «Шахтер» стадионында спартакиаданың жабылу салтанаты өтеді. Ұйымдастырушылар шараның ерекше жарқын болатынына уәде берді. Қысқы Олимпиада-2018 басталуына орай тағы бір флешмоб өтеді. Стадионда қардан олимпиадалық сақиналар қаланған. 

 Саран жастары қазақстандық олимпиадашыларды қолдап «Алға, Қазақстан» флешмобын ұйымдастырды. 

 Естеріңізге сала кетейік, Қарағанды облысының атынан Қарағанды құрамасына үш конькимен жүгірушілер кірді. Олар Оңтүстік Кореядағы Қысқы Олимпиада ойындарында еліміздің намысын қорғайтын болады. Олар - Екатерина Айдова, Станислав Палкин және Артём Крикунов. 

Соңғы жаңалықтар