Қарағандылықтар Геннадий Головкинге музей ашпақ

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда орта салмақтағы əлем чемпионы Геннадий Головкинге арналған музей ашылмақ, деп хабарлайды Қазақпарат.

Музейдің ашылуы желтоқсан айына жоспарланып отыр. Дəл сол уақытта нысанның шыны сөрелері мен стендтері дайын болады.

«Музей Қарағандыдағы Головкин атындағы дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің нысаны жанынан ашылады. Əр адам кез келген уақытта келіп тамашалай алуы үшін музей аталған кешеннің холында болады», - дейді кешен  жетекшісі Руслан Сайфимилюков.

Музейге Головкиннің киген бокс қолғабы, оның шайқастарының жарнамасы, Олимпиада ойындарында өнер көрсеткен аяқ киімі қойылады. Сонымен қатар атақшы боксшының жанкүйерлері чемпионның жекпе-жектерде шаршы алаңға киіп шығатын GGG жазуы бар шапанын музейден көре алады.

Музейге Головкиннің жас кезінде ие болған алғыс хаттары мен кубоктары қойылмақ. Қазіргі уақытта бұл бұйымдар Головкиннің жеке архивінде сақтаулы. Кешеннің ұжымы оның бəрін музейге қою үшін Головкиннің анасынан сұрап алуды ұйғарып отыр.

«Жастар әлемге атағы жеткен жерлестерінің жетістігін көре білуі тиіс. Сол арқылы мақсаттарын шыңдай алады. Біздің мақсатымыз - жас буынға қанат бітіру», - дейді Руслан Сайфимилюков.

Айта кетейік, Геннадий Головкин атындағы дене шынықтыру және сауықтыру кешені осы жылдың 7 маусымында ашылған болатын. Нысан бюджеттік қаражатқа салынған. Онда 25 метрлік бассейн, шынығу залы, бокс шаршы алаңдары мен екі футбол алаңы бар.

Соңғы жаңалықтар