Қарағандылық шенеунік өзіне 1 млн 260 мың теңге сыйақы тағайындаған

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - 1 миллион 260 мың 224 теңге көлемінде өз-өзіне сыйақы тағайындап алған Қарағанды облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы басшысының ісі әшкере болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Шенеуніктің өз-өзіне сыйақы тағайындайтындай құқы болмаған. Себебі, бұдан бұрын ол сөгіс алған. Ал заң тәртіптік сөгіс алған адамға сыйақы беруге рұқсат етпейді.

«Тексеру қорытындысы көрсеткендей, басқарма басшысы Саяш Ахметов тәртіптік сөгістің күші жойылмағанына қарамастан, өз бұйрығымен өз-өзіне 1 260 224,47 теңге көлемінде сыйақы аударған. Алайда Үкімет қаулысымен бекітілген «Сыйақы ережелерінің» 4 пунктіне сәйкес, тәртіптік сөгістің күші барда жұмысшыға сыйақы берілмейді», - деп хабарлайды ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің өкілі Айдын Смағұлов тәртіп кеңес отырысының барысында.

Өзін-өзі сыйақымен көтермелеген шенеунік айыбын мойындап, өкінішін білдірген. Ақшаның жартысын бюджетке қайтарып беріпті. Бірақ, 750 224 теңге мөлшеріндегі негізгі қарыз әлі қайтарылған жоқ. Бұл соманы басқарма басшысы келісілген кесте бойынша төлейтін болады. Бірақ, санкция мұнымен шектеліп қалмады. Шенеунік бәрібір тәртіптік сөгістен құтыла алмады.

Тәртіп жөніндегі Кеңес төрағасы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Жандос Сәрсеновтың айтуынша, өзінің әрекетімен басқарма басшысы «Мемлекеттік қызмет туралы» заңды бұзып, өзінің материалдық мүддесі үшін қызметтік лауазымын пайдаланған. Кеңес мүшелері шенеуніктің үстінен қарайтын басшылыққа оның толық емес қызметтік сәйкестігі бойынша жауапкершілікке тарту туралы кеңес беруді дұрыс деп шешті.

Соңғы жаңалықтар