Қарағандыдағы жылу тарифі мәселесі ипотекашылардың пайдасына шешілді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыдағы жылу тарифі мәселесі «Қолжетімді баспана» бағдарламасының ипотекашылары пайдасына шешілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қарағанды қалалық коммуналдық шаруашылығы» ЖШС тарифтік мәлімдемесі шамамен 7 есеге арзандады, деп хабарлады ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің облыстық департаменті. «ҚҚС есебінсіз 1 Гкал үшін 22 мың теңгеден астам болатын тарифтік жобаның жаңа құны 3472,96 теңге болып бекітілді», - деді мекеме өкілі Дидар Балташ.  Сонымен қатар, монополияшы еш шығынға ұшырамайды. Айырмасы қалалық қазына есебінен төленеді. «Қала әкімдігінен қызмет көрсетушінің көмір, электр қуаты және су бағыты бойынша шығындарын субсидиялауға келісім бергені туралы жауап алдық », - деп нақтылады Д.Балташ.

Кәсіпорын субсидиялау механизмінің әзірге анықталмағанын хабарлады. «Әкімдік субсидиялауға дайын екенін жеткізді. Әзірге біз жария шарт жасастық. Төлем туралы есепшоттарды 1 қарашадан бастап шығара бастаймыз», - деп пікір білдірді «Горкомхоз» ЖШС бас инженері Юрий Горелов. Оның айтуынша, 1 шаршы метрге 0,05 Гкал тұтыну деңгейін есепке алғанда, тариф 194,48 теңге (ҚҚС) болған.

Бұған дейін хабарланғандай, Қарағандыда аса қымбат жылу тарифі ипотекашылардың наразылығын тудырды. Қызмет көрсетуші жылыту құны шаршы метрге 1200 теңгеден асатын тарифтік смета құрған. Осы себепті қоғамдық тыңдаулар өтті. Тұтынушылар өз наразылықтарын білдірді. «Әрине, бұл шектен шыққандық. Бұл үйлерде бюджеттік, мемлекеттік қызметкерлер тұрады. Менің 4 бөлмелі пәтерімнің аумағы 85 шаршы метр. Сонда ай сайын жылуға 100 мың теңгеден төлеуім керек. Қайдан төлеймін? Айлық еңбекақым 70 мың теңге, - деді Әйгерім Аманбаева. Ол құлағы нашар еститін балаларға арналған мектепте тәрбиеші болып жұмыс істейді. - Мен ай сайын ипотекаға 58 200 теңге саламын. Қолжетімді баспана аламыз деп жүрсек, жылудың өзі біраз қиындық тудыруда». «Горкомхоз» ЖШС қазандығы Кемеровская көшесіндегі үш көпқабатты үйді жылытады.

 

Соңғы жаңалықтар