Қарағандыда зиратқа барған әйелді бейтаныс адам соққыға жықты

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда баласымен бірге қабір басына барған әйелге бейтаныс адам тап беріп, соққының астына алған. Абырой болғанда куәгерлер араша түсіп, қаскөйді тәртіп сақшылары келгенше ұстап тұрған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға туралы ақпарат Инстаграм әлеуметтік желісіндегі «Shok_krg» парақшасында жарияланды. 

«Бүгін Михайлов зиратында есірткі шегіп алған ер адам адамдарға тап берді, бәрін өлтіретінін айтып, жұртты қорқытқан. 4 жасар немересімен және қызымен бірге қабірге келген әйел адамға ұмтылып, оны соққыға жыққан. Осыдан соң көмекке шақырған әйелдің дауысын естіген зираттағы адамдар араша түсіп, ер адамды полицейлер келгенше бір сағатқа жуық уақыт ұстап тұрған. Тәртіп сақшылары келген соң одан пышақ барын анықтап, тәркіледі. Сондай-ақ, қаскөй полицейлер келгенше түйіншектеп оралған есірткіден құтылмақ болып, оны жерге тастап, етігімен таптаған», - делінген желідегі ақпаратта.

Кейін полицейлер ер адамның ақыл-есінің дұрыс еместігін анықтады.

«Инстаграм әлеуметтік желісіндегі «Shok_krg» парақшасында жарияланған ақпарат бойынша нақты айтар болсақ, 45 жастағы ер азамат қаза болған анасының моласы басында өзі жете танымайтын азаматшамен сөзге келіп қалған. Оқиға орнына жеткен полицейлер болған жайды анықтап, ер азаматпен профилактикалық сұхбат жүргізген. Күдікті ретінде ұсталған азаматтың ақыл-есі ауысқандығын анықтайтын құжаты бар және есепте тұрғаны анықталды. Азаматша тарапынан полицияға арыз-шағым түскен жоқ. Ер-азаматтың есірткі заттарын пайдаланғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды», - деп хабарлады Қарағанды облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен.

Соңғы жаңалықтар