Қарағандыда жұмыртқа қымбаттап кетті

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда тауық жұмыртқасына баға өскені байқалады, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бір аптада он жұмыртқа құнына 50-80 теңге қосылды. Бүгін дүкендерде он жұмыртқа бағасы 320-370 теңгеге жетті.

 «Оған себеп жергілікті  екі  ірі құс фабрикасы өз өнімдерін сауда желілеріне шығара алмауда, негізінен көрші облыстардан әкелінген тауар сатылуда. Таяу уақытта жағдай орынан келеді деп үміттенеміз», - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Юржан Бекқожин.

Ол осы кезеңде маусымды жұмыртқа қымбаттайтынын қосты.

Өңірде екі құс фабрикасына сальмонеллезге байланысты  шектеу енгізілген, деп хабарлады ҚР АШМ ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық инспекциясынан.

«Қазанның басынан бастап шектеу енгізілген, «Орталық құс» ЖШС құс фабрикасынан сальмонеллез қоздырғышы табылған.  Зертханалық зерттеу нәтижесіне қарай келесі апта бәрі орнына келеді деп үміттенеміз», - деді мекеме басшысы Марат Мұқтаров.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Абай ауданында «Орталық құс» ЖШС құс фабрикасында тауықтар жаппай қырыла бастаған. Директордың айтуынша, бұл жаңа жем бергеннен кейін басталған, тексеру нәтижесінде сальмонеллез қоздырғышы анықталды.

Соңғы жаңалықтар