Қарағандыда жолаушылар тасымалының көлеңкелі тұстары баршылық

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кәсіпкерлік мәселелері бойынша комиссия отырысында жолаушы тасымалдау саласындағы проблемалар талқыланды. 

Олардың ең өзектілерін Қарағанды облысының автокөліктік кәсіпорындар қауымдастығының директоры Айнетдин Буралкин ортаға салды, деп хабарлайды өңір әкімдігінің ресми сайты . 

- Бірінші проблема - ол жосықсыз бәсекелестік және ашық емес экономика, дәлірек айтар болсақ жолаушылардың заңсыз тасымалдануы. Екінші проблема - әлеуметтік маңызы бар қалалық жолаушы тасымалдаулардың шығындары субсидияланбайтындығы. Осыдан келесі проблема туындайды - автобус парктері жаңартылмайды және жүргізушілер жетіспейді. 
Айнитдин Буралкиннің айтуынша, дәл осы проблемалардың салдарынан жолаушы тасымалдау көліктерінің кестесі бұзылады. Жұмыс жасап жүрген автобустар тозады, ал жолаушы тасымалдау саласында жеке инвестициялар жоқ.

 - Қарағандыда бірыңғай орталықтандырылған диспетчер қызметі жоқ. Қалалық авто көліктер автобус парктері және тасымалдаушы- жалдаушылар арасында бөлініп алынған. Заңсыз жолаушы тасымалдаушылармен күреске жергілікті полиция қызметін және Мемлекеттік кіріс департаментін жұмылдыру керек, - деп есептейді Айнетдин Буралкин. 

 Сонымен қатар кәсіпкерлік мәселесі бойынша комиссия отырысында бағдарлардың шеткі аялдамаларын жабдықтау, оларды автобус жүргізушілері мен кондукторлар үшін ыңғайлы ету туралы да сөз қозғалды. Демалуға және тамақтануға арналған арнайы орындар кез келген бекеттерде кездесе бермейді. Саниталық-гигиеналық жағдай жасалмаған. 

 - Ашық емес экономикамен күрес жүргізуде электронды билет жүйесін енгізу ең тиімді тәсіл болады, - деді отырыс барысында Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров. - Біз шын мәнісіне келер болсақ, аудиттер расында жүргізіле ме жоқ па, біле бермейміз ғой. Ия, жолаушы тасымалдаушылардың есебінде мәліметтер келтірілген. Бірақ электронды жүйені енгізген соң нақты нәтижелерді есептеп шығару анағұрлым оңайырақ болады деп ойлаймын. Бірыңғай диспетчерлік жүйені құруға байланысты жұмыстар атқарып жатырмыз. Ал жүргізушілердің демалу және еңбек ету шарттарын жақсартуға қатысты мәселеге тоқталар болсақ, ол туралы орта және шағын бизнес өкілдеріне шығу керек. 
Облыс әкімі Ерлан Қошанов барлық шағымдар мен ұсыныстарды тыңдап болған соң жергілікті полиция қызметі мен мемлекеттік кіріс департаментіне бет бұрды. 

 - Біз жолаушылар тасымалдау мәселесін бірінші рет талқылап отырған жоқпыз. Бұл бағытта жұмыстар атқарып жатырмыз. Қызмет көрсету және автобустар паркін жаңарту мәселелері шешіліп жатыр. Ең өзекті проблема - заңсыз жолаушы тасымалдаушылар болып тұр. Оны реттеу қажет. Мен жергілікті полиция қызметінің бастығы Жалғасбай Жақаев пен мемлекеттік кірістер департаментінің жетекшісі Азамат Ахметовке оларды шешу жолдарын анықтауды тапсырамын. Және де бұл мәселені өзім қадағалайтын боламын, - деді аймақ басшысы.

 

Соңғы жаңалықтар