Қарағандыда заманауи геохимиялық зертхана құрылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазгеология» Ұлттық геологиялық барлау компаниясының базасында заманауи геохимиялық зертхана құрылатын болады. Нәтижесінде шетелдік инвесторлар мен әлемдік қаржы институттарының Қазақстанның геология саласына деген сенімі артатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекет басшысы айқындаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 75-қадамында «Пайдалы қазбалардың барлық түрлері үшін үздік әлемдік тәжірибені пайдалана отырып, келісімдер жасасудың оңтайландырылған әдісін енгізу» тапсырылған болатын. «Қазіргі таңда геохимия саласында үлкен зертханалық тәжірибеге ие әлемдегі жетекші компаниялардың бірі австралиялық «ALS» компаниясымен келісімдер жасалды. Халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсететін бұл компанияның әлемнің 44 елінде сынама дайындайтын орталықтары мен сараптамалық зертханалары бар», - делінген баспасөз баянында.

Жоба аясында Қарағанды қаласынан халықаралық акредитация бойынша коммерциялық бағыттағы геохимиялық зертхана құру жоспарлануда. Зертхананың қуаты жылына 250 000 сынама болады. Зертханада элементтердің негізгі түрлеріне спектрлік жартылай сандық талдау, сынамалық талдау және зертханалық сынама дайындау болжануда.

Сонымен қатар, жер қойнауы туралы заңға сәйкес, австралиялық тәсіл бойынша барлаудың пилоттық режимін жүзеге асыру қарастырылған. Осыған орай, 2015 жылдың қарашасында Степногорск қаласының аумағында жер қойнауын пайдалану құқығын беру басталған болатын. Қазіргі уақытта жеңілдетілген тәсілмен жер қойнауын пайдаланудың 18 келісім шарты бекітілді. Бұдан бөлек, 2016-2017 жылдары Шығыс Қазақстан облысының және Арқалық пен Жезқазған қалалары аумағында жеңілдетілген тәсілмен жер қойнауын пайдалану құқығын беруді бекіту жұмыстары атқарылатын болады.

Соңғы жаңалықтар