Қарағандыда пошташы-дрондар өз жұмысын бастады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат -  Бүгін, 15 қыркүйекте Саранда сынақ түрінде пошталық дрон ұшырылды. Сараннан Дубовка ауылына бағыт алған ұшқышсыз ұшақ желдің қатты болуына байланысты кешігіп келді, деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайты .

Ұшу аппараттары алыс шалғайдағы ауылдарға поштаны жеткізу үшін қолданылатын болады. Бұл туралы «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов мәлім етті.
null

- Бұл баспасөз өнімдері мен хаттарды жеткізуде уақытты үнемдейді, - деді ол. - Егерде бұл құрылғыны іске қосқанша біз күніне басылымдардың тек 12 % жеткізіп отырсақ, енді 48 пайызын уақтылы жеткіземіз. Технологияны ресми түрде бүгін ұшырып жатқанымызбен, сынақ түрінде біз онымен бір аудай жұмыс жасадық. Осы уақыт аралығында дрондар 9 000 шақырымды ұшып өтті, 250 сағат ұшты және 500 келі жүкті жеткізді.
null

Ұшқышсыз ұшақтар кәдімгі ұшақтардың шағын түріне ұқсайды, олар жоғары технологиялық материал - көбіктенген полихлорвинилден жасалған, ол авиаөндірісте жиі қолданылады. Құрылғының түбіне жүк ілініп, ол нақты жеріне жеткенде автоматты түрде түсіріледі. Осыдан кейін ұшу аппараты кері айналып, бастапқы орнына қайтып келеді. Құрылғымен байланыс жоғалған немесе форм-мажорлық жағдайларда арнайы бағдарлама қосылады, ол арқылы дронды тауып, жүкті қажетті орнына жеткізуге болады. Мұндай бір аппараттың бағасы шамамен 4 миллион теңге көлемінде.

«Қазпошта» АҚ жаңа технологияларды енгізу арқылы қаржыларын үнемдей алады. Себебі, акционерлік қоғам ұшу аппараттарын сатып алған жоқ. Олардың барлығы «Adrome Automation» компаниясына тиесілі. «Қазпошта» тек дрондар қызметіне ғана ақы төлейді.
null

- Бұған қызметтік бағдарлама бойынша мемлекеттік-жекешелік серіктестік арқылы қол жеткізіп отырмыз, - деп түсіндірді Сәкен Сәрсенов. - Яғни біз жабдықты сатып алмаймыз, тек қана қызметіне ақы төлейміз. Ұшудың бір шақырымы 90 теңгені құрайды. Клиенттер үшін баспасөз өнімдері мен хаттарды жіберу ақысы арттырылмайды.

Айта кетейік, ұшқышсыз ұшақтар мықты: олар екі келіге дейін жүкті жеткізе алады және 100 шақырымға дейін ұша алады, аккумуляторларының қуаттылығы екі сағатқа жетеді. Дронда күн суықта да, жаңбырда да, аз қар жауғанда да және аздаған желде де ұша алады. Алайда жел екпіні секундына 10 метрден асса аппаратты ұшыруға болмайды. Сол себепті бүгін жел пошташы-дронды ұшыруға кедергі келтірді.

- Жоба әлі қабылданған жоқ. Дрон мен компьютердің байланыс арнасы басқаша, телеметрикалық, - дейді «Adrome Automation» компаниясының директоры Алексей Ким. - Көбіне жүйе алғашқы кезеңде тұрақты жұмыс жасамайды. Кейбір олқылықтар бар, бірақ олар жойылуда. Бүгін таңертең дронды сол жерге ұшырған едік, бәрі жақсы болған, белгіленген орында 10 минутта жетті. Ол кезде жел аздау болды. Қазір оның жылдамдығы секундына шамамен 7 метр, дрондарды ұшыру үшін рұқсат етілетін максималды жел екпіні секундына 10 метрді құрайды.

Ауылдық пошташылар бұл бастаманы қолдады.
null

- Біздің пошташыларымыздың жағдайы жақсы: бізге жаңа киім үлгісі мен велосипедтер берілді. Дрон қажетті нәрсе деп ойламын, - дейді Дубовка ауылының пошта қызметінің қызметкері Василий Герко. - Дрондарды жіберушілермен байланыста болу үшін бізге смартфондар берді. Негізі бұл біздің жұмысымызды жеңілдетеді - бүгін дрон, ертең, мүмкін қармен жүретін көліктер берер, үнемі алға жылжу керек.

Әзірге ұшқышсыз ұшақтар еліміздің төрт облысына ғана поштаны жеткізетін болады, олар: Қарағанды, Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстары. Біздің аймақта Ұлытау ауданының 28 елді мекеніне, Ақтоғай ауданының Қошқар ауылына, Жаңаарқа ауданының екі ауылы мен Осакаровка ауданының екі ауылына пошта шағын ұшақпен жөнелтілетін болады. 

Соңғы жаңалықтар