Қарағандыда өткен халықаралық айтыста Аманжол Әлтаев топ жарды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жексенбі күні Қарағандыдағы Кеншілер мәдениет сарайында қазақтың ғұлама биі Қазыбек бидің 350-жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған халықаралық айтыс өтті. 

Айтысқа Моңғолия, Қытай, Қызғызстан және Қазақстанның ақындары қатысты, деп хабарлайды облыс әкімдігінің ресми сайты .

Ақындарға деген құрмет ешқашан өшпейді, соның дәлелі Кеншілер мәдениет сарайында ине шаншар жер болмады. Орын болмай ішке кіре алмаған жұрт айтысты алаңда орнатылған жарық диодты экраннан тамашалады. Айтысты облыс әкімі Ерлан Қошанов ашып , ақындарға сәттілік тіледі: «Қайырлы күн, құрметті айтысты тамашалауға келушілер. Айтысты сағынғандарыңыз көрініп тұр, себебі мына сарайда ине шаншар жер жоқ. Бүгінгі айтыс әділ болады, халық пен әділқазылардың шешімі бір жерден шығады деп ойлаймын. Мына алыс-жақын жерлерден келген ақындарға сәттілік тілеймін», - деді аймақ басшысы.
Жүрсін Ерман жүргізген айтыста айтыскерлер туған жер, ұлттық дәстүр, елге құрмет және Қазыбек би жайлы тақырыптарды қозғады. Ақындарға КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов бастаған әділқазылар баға берді. Келген жұртшылық бір күн бойына созылған айтысты соңына дейін тамашалады. 16 ақын сегіз жұпқа бөлініп, екі айналым бойынша ұпай сандарымен басым түскен Аманжол Әлтаев пен Ұларбек Минатхан ақтық сында жолықты. Тамаша айтысып көпшіліктің қошеметіне бөленген  ақын Аманжол Әлтаев жеңіске жетіп, 3 млн теңгені иеленді.
Сәйкесінше бірінші орын Ұларбек Минатханға бұйырып, оған 1,5 млн  теңге табысталды. Екінші орынды қарағандылық ақын Дидар Қамиев иеленіп, оған 1 млн теңге берілді. Үшінші орынды Жансая Мусина мен Мейірбек Сұлтанхан өзара бөлісті.Оларға 750 мың теңгеден табысталды. Басқа ақындар да құр алақан қалған жоқ, оларға алғыс хаттар мен қаржылай сыйақылар табысталды.
Айта кетейік, бұл айтыс - республика бойынша Қаз дауысты Қазыбек бидің мерейтойына орай өткен үшінші айтыс. Бірінші айтыс наурыз айында Егіндібұлақ төрінде өтсе, екінші үлкен айтыс Түркістанда болған екен. Ол екі айтыста бас жүлдені Айбек Қалиев қанжығасына байлаған.

Соңғы жаңалықтар