Қарағандыда өрт сөндіруші көлікке кедергі келдірген жүргізушілерге айыппұл салынды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Көлік жүргізушілері төтенше жағдай орнына бара жатқан өрт сөндірушілерге жол бермейді, осыған байланысты жол-патрульдік полицейлері мақсатты түрде ереже бұзғандарды анықтап, оларды жауапқа тартуда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Жол-патрульдік полиция қызметкерлері рейд жасаған бір сағаттің ішінде арнайы техниканы өткізбеген үш көлікті тоқтатты. Оларға «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 598-бабы 1-тармағы бойынша айыппұл салынды.

«Көлік жүргізушілерінің арнайы техникаларға жол беруін және аулалардағы жолды бөгемеулерін сұраймыз. Өрт сөндірушілердің жылдам келуі - адам өмірімен байланысты жәйт. Сондықтан әрбір секунд маңызды», - деді ТЖ департаменті баспасөз қызметінің басшысы Қуаныш Мүтәллапов.

Заң бойынша өрт сөндірушілер, дәрігерлер мен полицейлердің өз міндеттерін орындау кезінде бағдаршамның қызыл түсінен өтулеріне және жол белгілерін бұзуларына рұқсат етілген.

«Жол жүру ережесіне сәйкес, арнайы дыбыс белгісі мен дабыл жүйесі қосылған көлік құрылғылары жақындаған кезде жүргізушілер арнайы техниканың еш кедергісіз өтіп кетуі үшін жол беруге міндетті. Тағы бір өзекті мәселе - жеке автокөліктердің қала көшелері мен тұрғын үйлердегі жолдарды бөгеуі. Өрт сөндіру машиналары онсыз да аз уақыттарын жоғалтып, тұрақтағы көліктердің арасынан өтерде кедергілерге тап болып жүр», - деді Қуаныш Мүтәллапов.

null 

Соңғы жаңалықтар