Қарағандыда облыстағы алғашқы Аллергологиялық орталық ашылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағандыда Облыстық аллергологиялық орталық жұмысын бастады. Денсаулық сақтау саласындағы жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік желісі бойынша жүзеге асырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат аймақ басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 



Жаңа медициналық ұйымның жұмысымен танысып қайтқан Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов оны облыстық деңгейдегі алғашқы аллергологиялық орталық екендігін атап өтті.

Салынған қаражат 500 млн теңгені құрады, бұл қаржының жартысы медициналық құрылғыларға жұмсалды. Жабдықтар арасында заманауи цифрлық рентген-құрылғысы, соңғы буынғы лор-комбайн бар. Орталық бір ауысымда 100 келушілерге шақталған.



Оның базасында Қарағанды мемлекеттік медициналық университеттің иммунология және аллергология кафедрасы орналасатын болады. 

«Біздің орталықтың ерекшелігі - мұнда ересектер мен балаларға арналған аллерголог дәрігерлермен қатар шектес мамандықтар дәрігерлері: пульмонолог, инфекционист, эндоскопшы және басқалары болады. Біз емделушілер үшін бір жерде қажетті анализдерді тапсырып, осында білікті кеңес алуға болатындай барынша жайлы жағдай жасауға тырыстық. Біз зертханалық зерттемелер арқылы 200-ден астам аллергенді анықтай аламыз, сонымен қатар 10-нан астам тері сынақтарын өткізетін боламыз. 
Жекеменшік орталықтың қызметін емделушілер тегін - мемлекеттік тапсырыс арқылы ала алады», - дейді Облыстық аллергологиялық орталықтың бас дәрігері Меруерт Ғазалиева.

Аллергопатология бүгінгі таңда ересектер мен балалар арасында ең көп таралған ауру болып табылады. Статистикаға сай Қазақстанда аллергиямен әрбір үшінші тұрғын ауырады. 

Соңғы жаңалықтар