Қарағандыда құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы 10 жылға қамалуы мүмкін

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы құрылыс басқармасының шенеуніктері Саран қаласындағы орталық жылу қазандығы құрылысының атқарылған жұмыс актілерін әдейі қымбат бағамен толтырып, мемлекетке 50 миллион теңге залал келтірген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сот отырысында прокурор Қарағанды облысы құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Темірғали Дүйсенбаевты 10 жылға, оның қол астындағы қызметкері - басқарма бөлімінің бұрынғы басшысын 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сондай-ақ, прокурор өз жұмысын атқармаған мердігерге де 10 жыл, техникалық қадағалаумен айналысқан жеке компания өкілдеріне - 8 жылдан беруді сұрап отыр.

Барлық бес сотталушыға ҚР Қылмыстық Кодексінің 176-бабы - «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету» бойынша айып тағылды. Қарағанды облысы құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Темірғали Дүйсенбаев қосымша ҚК 314-бабы, 2-бөлігі «Қызметтік жалғандық жасау» бабымен де айыпталып отыр.

Қарағанды облысының әкімдігі барлық бес сотталушыға 49 миллион 828 мың 238 теңгеге талап арыз жазды.

Қазандық құрылысы өңір үшін өте маңызды болатын. Қазандық арқылы 43 000 мың адам тұратын қаланы сапалы орталық жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етеді деп күтілген. Жоба мердігері «Павлодар қазандық зауыты» ЖШС Қарағанды облысының құрылыс басқармасымен 2015 жылдың желтоқсанында келісімшарт бекіткен. Алайда, мердігер қаржылық қиындықтары алға тартып, барлық жұмысты тоқтатып қойған.

Еске сала кетсек, Қарағанды облысы құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Темірғали Дүйсенбаев «Павлодар қазандық зауыты» ЖШС атқарған жұмыстар жөнінде жалған деректер келтірді деп айыпталуда. Аталған фирма нысанды дер кезінде пайдалануға бермеген. Бірақ, шенеуніктің жалған дерек көрсетуінен бюджеттік ақшаның ауқымды бөлігі фирмаға заңсыз аударылған. Қазандық әлі күнге дейін қолдануға берілмеді.

Соңғы жаңалықтар