Қарағандыда күдікті 8 лаңкес-салафит сот алдында жауап береді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағандыда лаңкестік актісін және өзге де ауыр қылмыстарды жасады деген айыппен Балқаш өңірінің 8 тұрғыны сот алдында жауап береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қылмыстық іс (ред. - болжалды лаңкес-салафиттерге қатысты) өндіріске алынды. Айыпталушы 8 адам. Алдын ала сот тыңдауы 31 қазанға белгіленді. Процесс қандай режімде өтетіні әлі анықталмады», - деп хабарлады Қарағанды облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметінен. Қылмыстық істі судья Қайрат Қасымов қарайды.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша айыптар тағылуда: лаңкестік топты құруға, басшылық етуге және оның қызметіне қатысуға араласу; қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халық арасында үрей туғызу, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының шешімдер қабылдауына ықпал ету  мақсатында адамның өміріне оқталу; суық қаруды заңсыз алып жүру немесе сату.

Бұған дейін ҚР ҰҚК-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарланғандай, 26 маусымда Балқаш қаласында және Қарағанды облысының Гүлшат елді мекенінде қолдан жасалған жарылғыш құрылғыны қолдану арқылы террористік актіні жоспарлаған радикалды топтың іс-қимылының жолы кесілді.

«Гүлшат кентінде лаңкестердің бірін ұстаған кезде ол өз-өзін жарып жіберіп, алған жарақатынан сол жерде көз жұмды. Басқа құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.Топтың қалған мүшелері ұсталды. Жарылғыш зат құрамдауыштары, қару, басқа да заттай айғақтар тәркіленді. Аталмыш оқиға бойынша сот алды тергеу басталды. Тергеу шаралары жалғасуда», делінген болатын хабарламада.

Соңғы жаңалықтар