Қарағандыда қабынуға және гемофилияға қарсы биотехнологиялық дәрілер өндірісі іске қосылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағандыда фармацевтика саласы қарқынды дамып келеді. «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС зауытында екі биотехнологиялық препараттар - Ритуксимаб және Семиклотин шығарыла бастайды. Оның біріншісі қабынуға қарсы дәрі, екіншісі гемофилиямен ауыратындарды емдеуге арналған, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Журналистер үшін фармацевтикалық зауытты аралау мүмкіндігі туды. БАҚ өкілдері дәрілердің қандай таза жағдайда шығарылатынын өз көздерімен көріп қайтты. Кәсіпорын цехтары әлемдік маркалардың заманауи жабдықтарымен жабдықталған.

«Бұл дәрілер отандық фарминдустриядағы инновация болып табылады. Басты мақсат - Қазақстанның фармацевтикалық нарығында импортты азайту, ел халқын маңызы аса зор қажетті дәрі-дәрмектермен қамту», - дейді «Қазақстанның ФармМедИндустриясы» Ассоциациясының президенті Руслан Сұлтанов.

Аталмыш дәрілерді шығаруды бастамас бұрын олар ұзақ клиникалық және клиника алдыңғы кезеңдерден өткен.

«Бұл өте қиын процесс. Біз өз тиімділігін дәлелдейтін технологиялар трансферін жасаймыз. Біздің құрылымдық серіктесіміз - «Фармстандарт» компаниясы, ол Ресей фармацевтика нарығындағы көшбасшы, - дейді «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС атқарушы директоры Ерікбек Ағатанов. - Жаңа препараттардың тәжірибелік сериясын біз 2015 жылдың желтоқсанында шығардық. Кейін препараттың тұрақтылық деңгейі іштей және сырттай зерттелді».

Кәсіпорын тізбектемесінде 66 дәрілік препараттар бар, олар әлеуметтік маңызды ауруларды: онкология, гемофилия, вирусты гепатит, қант диабеті және басқа да ауруларды емдеуге бағытталған. Бүгінде оның екеуі игерілді, болашақта жыл сайын технология трансферін нығайту көзделген. Қарағандылықтар республикамызда алғашқы болып дәрілерді тазартылған құтыларда және картридждермен, сондай-ақ алдын ала толтырылған шприцтарда шығара бастады.

Кешен құрылысы мен жабдықталуына 50 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынған. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 4 млн қаптама. Жетекшінің сөзінше, кәсіпорын бұл көрсеткішке үш жылда шығуды көздеп отыр.

Қарағанды фармацевтикалық кешенінің өнімдері еліміздегі емханаларда таратылады. «СК-Фармация» компаниясымен келісім жасалған, алғашқы жеткізулер 2018 жылдың қаңтар айына жоспарланған.

Өткен пресс-тур барысында кәсіпорынға ҚР денсаулық сақтау министрлігінің фармация Комитеті берген GMP (Тиісті өндірістік тәжірибе) сертификаты табысталды.

Соңғы жаңалықтар