Қарағандыда айналма жол салынады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Көлік ағынын реттеу мақсатында Қарағандыда айналма жол салынады, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. 

Облыс орталығы арқылы тәулігіне шамамен 22 мың автокөлік өтеді. Бұл көлік кептелісін туғызып, жолға артық салмақ түсіреді. Қарағанды облысының әкімдігінде өткен аппарат отырысында Солтүстік және Шығыс айналма жолдарының құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайын екені айтылды. Құжат мемлекеттік сараптамадан өткен.

49 километрлік тасжолды салуға жұмсалатын 46 миллиард теңге қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қарағандының солтүстік айналма жолы «Орталық-Оңтүстік» көлік дәлізін реконструкциялау аясында жүргізіліп, Сортировка арқылы өтетін болады. Ал Қарқаралы жолайрығынан басталатын Шығыс айналма жолы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы, Үштөбе арқылы өтіп, Алматы тасжолына жалғасады, дейді облыс әкімдігінің баспасөз қызметіндегілер.

«Әлеуетті мердігер ұйымдардың өтініштерін алдық. Бүкіл учаскені төрт бөлікке бөліп, оның әрқайсысын жеке компаниялар құратыны белгілі болды. Конкурсқа 14 фирма қатысқан. Конкурс 20 қыркүйекте қорытындыланып, жеңімпаздар жарияланады», дейді әкімдіктің баспасөз қызметіндегілер.

Жаңа автожолдың құрылысы 2017 жылдың қарашасында басталып, 2019 жылы толығымен аяқталады.

Соңғы жаңалықтар