Қарағандыда аудан әкіміне 148 мың теңге айыппұл салынды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда Қазыбек би ауданының әкімі Татьяна Шатохинаға кәсіпкерлік қызметіне араласқаны үшін айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі әкімшілік сотқа сілтеме жасай отырып.

«Татьяна Шатохина ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі кодекстің 173 бабында қарастырылған құқықбұзушылықты жасағаны үшін айыпты деп танылсын (Лауазымды тұлғаның кәсіпкерлік қызметіне заңсыз араласуы). Әкімшілік жаза тағайындалып 148 470 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл  мемлекет кірісіне өндірілсін», - делінген Қарағандының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Дамина Мусинаның шығарған қаулысында.

Істің материалдарына жүгінсек, аудан әкімінің қабылдауына келген қала тұрғыны пәтерінің суықтығын айтып шағымданған. Пәтер иесі оған бірінші қабаттағы дүкенді айыптаған. Татьяна Шатохина бағыныстыларына сол жерге барып тексеруді жүктеген. Осылайша әкім шағын кәсіпкерлік субъектісінің қызметіне заңсыз араласқан, деп атап өтілген қаулыда.

Аталған әкімшілік құқықбұзушылыққа 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастылған, хаттама толтырылған кезде ол 212 100 теңге болды. Алайда сот айыпты мойындауды ескере отырып айыппұл көлемін 30 пайызға төмендетті.

Сот қаулысы заңды күшіне енді. Аудан әкімі айыппұлды төледі.

Соңғы жаңалықтар