Қарағандыда адамдарды құтқарған подполковник марапатталды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандының Октябрь аудандық қорғаныс істері бөлімінің бастығы Думан Бәкіров Қарағанды облысындағы күре жолда адамдарды құтқарғаны үшін ҚР Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақовтың атынан алғыс хат алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Ержүрек подполковникке алғыс хатты министрдің атынан «Астана» өңірлік қолбасшылықтың қолбасшысы Қайдар Қарақұлов табыстады.

Кішіпейіл әскери қызметші бұл әрекетін ерлік деп санамайды.

«17 желтоқсан күні 30-ға жуық адам Қарағанды-Қарқаралы күре жолының жиегінде, автобус маңында тұрды. Жылаған бала-шаға мен тоңған аналарды үнсіз тастап кете алмас едім», - деп еске алады Думан Бәкіров.

Демалысқа шыққан адамдардың автобусы бұзылып, жолда қалған. Не өткінші көлік өтпеген, не көмек қолын созатын біреу болмаған.

«Мен 30 адамның бәрін демалыс үйіне жеткізуге шешім қабылдадым. Көлігім жеңіл машина болғандықтан, бірнеше рет қатынадым», - дейді ол.

Ол тоңған жолаушыларды күні бойы тасымалдаған. Тіпті ертеңіне оларға өзі хабарласып, хал-жағдайын да сұраған.

Дән риза жолаушылар бірнеше күннен кейін Қарағанды облыстық қорғаныс істері департаментінің басшылығына құтқарушыны ынталандыруын сұрай жүгінеді.

Оған Қазақстан қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақовтың атынан алғыс хат берілді.

Соңғы жаңалықтар