Қарағандыда 200-ге жуық отбасы пәтер кілттерін алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды қаласына 192 отбасы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша баспаналы болды. Пәтерлердің кілтін 21 наурызда Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов табыстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат аймақ әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Б. Момышұлы көшесі бойындағы тұрғын үй кешенінде пәтерлерді алғашқы болып көпбалалы, мүгедек балалары бар, сондай-ақ толық емес отбасылар алды. Олар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына қатысты. 

«Мұнда жақын арада мектеп, балабақша, емхана, дүкендер мен жайлы өмірге қажетті барлық инфрақұрылым пайда болады. Келешекте бұл аудан Қарағандының орталығына айналады. Әр отбасы үшін баспанаға ие болу - үлкен арман, және де бүгінгі күні ол армандар орындалып жатыр. Барлықтарыңызға Наурыз мейрамы бақыт пен жақсылық сыйласын деп тілеймін. Жаңа қоныс - ол тек сіздердің ғана қуаныштарыңыз емес, оған біз де - қала, облыс басшылығы қатты қуанамыз.Себебі Елбасы алдымызға үлкен міндет қойды: аймақ тұрғындарының әлеуметтік өмір деңгейін көтеру. Ол үшін біз жұмыс істеуіміз қажет. Ең басты және қиын міндет - барлық мұқтаж азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету», - деді аймақ басшысы. 

Келесі оқу жылы қарсаңында жаңа ықшам ауданда 1200 орынға шақталған мектеп ашылады. Үйлердің төменгі қабаттарында емхана мен мектепке дейінгі бүлдіршіндерге арналған шағын орталықтарға орын қалдырылған. 
Күн жылына аулалар абаттандырылатын болады: асфальт төселіп, жарық шамдары орнатылады, балалар алаңы құрылады. 
Барлығы жаңа тұрғын үй кешенінде 1125 пәтер бар. Жыл соңына қарай барлық үйлердің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілмек. Ғимараттардың жалпы ауданы - 83 503 шаршы метр, оның 59 532 - пәтерлердің ауданы. 

Қазір облыс орталығында баспанаға кезекте 15 714 адам тұр.

«Нұрлы жер» тұрғын үй құрылыс бағдарламасы бірнеше бағыттардан құралады және қазақстандықтардың тұрғын үй жағдайларының сапасын жоғарылатуға, ипотекалық несиелеу секторын ынталандыруға арналған.

 

Соңғы жаңалықтар