«Қарағанды» волейбол клубы 2,4 млн теңгеге сатылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қарағанды» Волейбол клубы» ЖШС электронды сауда арқылы жеке қолға сатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыстық Мемлекеттік активтер мен сату басқармасынан мәлім еткендей,  жекешелендірудің екінші кезеңі бойынша сатуға қойылған «Қарағанды» Волейбол клубы» ЖШС-нің иесі клубтың қазіргі директоры және команданың бас бапкері Нұрлан Садықов болып танылды. Спорт клубы үшінші сатылымда 2,4 млн теңгеге сатылды.

Тәуелсіз бағалаушылар волейбол клубын бастапқыда 9,6 млн тенгеге бағалаған болатын. Мамыр, маусым айларына белгіленген алғашқы екі аукцион сатып алушылардың болмауына байланысты өтпей қалды. Осыған орай, «Мемлекеттік мүлік туралы» ҚР Заңына сәйкес, келесі саудада нысанның бастапқы бағасы 50 пайызға төмендетілді.

«Мемлекеттің 100 пайыз үлестік қатысуы бар ЖШС gosreestr.kz веб-порталында тендер бойынша өткізілген электронды саудада 2,4 млн теңгеге сатылды. Сатып алушы - жеке тұлға Нұрлан Миллатұлы Садықов», -деп хабарлады Мемлекеттік активтер мен сатып алу басқармасынан.
Сауданың шарты - қызмет бағытын 10 жыл бойы сақтау.

50 жастағы Нұрлан Садықов волейболдан КСРО және ҚР спорт шебері. Волейболдан «I санатты бапкер» халықаралық сертификатының иегері. «Болат» (Теміртау»), «Жайық» (Орал) волейбол командаларының құрамында ойнаған. «Астана қанаты» (Астана), «Рабита» (Баку) волейбол клубтарында бас бапкерлік еткен. 2009  жылдан бүгінгі күнге дейін «Қарағанды» волейбол клубының директоры және бас бапкері.

«Қарағанды» волейбол клубы сегіз жылдан бері жұмыс істеп келеді. 2009 жылы мемлекеттік коммуналдық мекеме болып құрылып, 2010 жылы мемлекеттің жүз пайыздық үлесімен ЖШС-ге айналды. Клубта әйелдер волейболы қанатын кеңінен жаюда. Қазақстанның 12 спорт шебері дайындалды. Қарағандылық спортшы қыздар ұлттық құрамада ойнайды. Клуб 90% жергілікті ойыншылардан құралған. 

«Қарағанды» волейбол клубы бірнеше мәрте Қазақстан Қубоктарының жеңімпазы атанды, Ұлттық лига командаларының арасында ҚР чемпионаттарының күміс жүлдегері, жоғары лига командалары бойынша ҚР чемпионы. Клуб ойыншыларынан жасақталған Қарағанды облысының құрама командасы 2015 жылы бір мемлекеттің аумағында өткен олимпиада ойындарына тең болған Қазақстан халықтарының Спартакиадасында үлкен жеңіске қол жеткізді.

Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары 2015 жылдың желтоқсанында Үкіметтің Қаулысымен бекітілген болатын. Әр облыста бәсекелік ортаға берілуге тиісті нысандар тізімі жасалынды. Қарағанды облысында ТКШ, денсаулық сақтау, спорт ж.т.б салалар бойынша 28 нысан тізімге ілікті.

Соңғы жаңалықтар