Қарағанды стоматологиясындағы бала өлімі: Министр дәрігердің жазалануына пікір білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Бүгін Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында еліміздің Денсаулық  сақтау министрі Қарағандының тіс емханасында қаза болған 2 жасар бала ісінің тергелу барысы жайында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аталған факті бойынша ҚР заңнамасына сәйкес Қоғамдық денсаулықты қорғау комитетінің аумақтық департаменті тексеру жүргізіп жатыр. Медициналық қызметкерлердің өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамауы, медициналық көмек көрсету ережелері мен стандарттарын сақтамауы туралы мәселе туындаған кезде комитет нысанға барып, тексеру жүргізеді. Оның нәтижесі бойынша материалдар тергеу орындарына беріліп, олар түпкілікті тергеу жүргізеді», - деді ол.

Оның айтуынша, одан кейінгі шешім сот тәртібімен қабылданатын болады.

«Дегенмен, қазіргі уақытта аталған дәрігердің де жауапкершілігін қарастырып жатырмыз. Өйткені, бұған дейін де сол дәрігер медициналық көмек көрсету стандартын бұзған. Барлық талаптарды ескере отырып, Қоғамдық денсаулықты қорғау департаменті оның сертификатын алып қою және басқа шешім қабылданғанға дейін кәсіби қызметін тоқтату туралы талап жолдады. Медициналық араласудың нәтижесінде адамға зиян келетіндей жайт болса, онда мұндай жағдайлар заңнамаға сәйкес қаралуы тиіс», - деді Елжан Біртанов.

Айта кетейік, 23 ақпан күні Қарағандыдағы стоматологиялардың бірінде  Ресей азаматы, 2 жасар Семен Арзамасцев қайтыс болды. Анықталғандай, ол күре тамырға анестезия егілгеннен кейін қаза тапқан. 

Соңғы жаңалықтар