Қарағанды облысының екі ауылында тасқын судың беті қайтты

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысындағы Садовое және Чкалов ауылдарында су деңгейі төмендеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Бұрын су басқан Бұқар жырау ауданында Чкалов ауылының 34 үйі және Садовое ауылының 16 үйі судан тазартылды», - деп хабарлады өңірлік ТЖ депаратментінің баспасөз қызметі.

Төтенше жағдайлардың алдын алу мен көктемгі су тасқыны салдарын жою мақсатында апаттық-құтқару және шұғыл жұмыстар жалғасуда.

18 сәуір күні өңір бойынша 7 аула аумағында су деңгейінің көтерілуі байқалды. Оның ішінде Абай ауданы Огороды ауылында 1 үй, Тассуат ауылында 2 аула мен 3 үй, Нұра ауданы Заречное ауылында 2 аула және Қарқаралы ауданы Жаңа жол ауылында 2 аула мен бір үй бар.

«Нұра ауданы Тассуат ауылынан бір тәулікте 32 адам эвакуацияланып, туыстарының үйіне орналастырылды. 147 сиыр, 35 қой мен ешкі, 7 жылқы, 221 шошқа қауіпсіз жерге жеткізілді», - деп хабарлады ТЖ бойынша департаменттің баспасөз қызметі.

Бұған дейін Бұқар жырау ауданы Қызылжар ауылынан эвакуацияланған 267 адам өз үйлеріне оралды.

Өткен тәулікте Нұра ауданының Тассуат және Заречное елді мекендеріне 340 метрге созылатын 68 арнайы қорғаныс кедергілері орнатылды.

19 сәуірде облыстың барлық өзендерінде су деңгейінің айтарлықтай төмендегені, су қоймаларындағы судың азайғаны байқалды. Балықты теміржол стансасы ауданындағы Нұра өзендерінде су деңгейі 18 см, Бесоба гидробекетінде - 20 см, Шешенқара гидробекетінде - 35см, Шерубай-Нұра ауданындағы Шопан гидробекетінде - 33 см, Қарамұрын гидробекетінде - 37 см, Үлкен Құндызды өзеніндегі Киевка гидробекетінде - 65 см, Қаракеңгір өзеніндегі Малшыбай гидробекетінде - 40 см төмендеген. Сондай-ақ, Тоқырауын және Жаман Қон өзендерінде де судың азаюы тіркелді. 

Соңғы жаңалықтар