Қарағанды облысының әкімі Жезқазғанды дамытудың үш жылдық жоспарын әзірлеуді тапсырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов жұмыс сапармен Жезқазғанда болды. Әлеуметтік сала мен өнеркәсіптегі жағдаймен, инфрақұрылымның жағдайымен танысқан аймақ басшысы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша көшпелі кеңес өткізді.

 Мәселелерді шешуге баса назар аударылды. Облыс әкімі актив отырысына дейін жергілікті ақсақалдарды қабылдады, деп хабарлайды өңір басшысының баспасөз қызмет і. 

Жезқазғанда 2017 жыл жолдарды жөндеу жылы болып тағайындалды. Осы мақсатта 1,2 миллиард теңге жұмсалады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда бес есеге артық. Облыстық бюджеттен 945,4 миллион теңге, жергілікті бюджеттен 193,5 миллион теңге бөлінді. Осы сомаға 23 шақырымнан артық қалалық жолды жөндеу жоспарланған. 
Бұл қаржы бір мердігерге берілді. Компания аса көлемді жұмысты орындай ала ма? Облыс әкімі жұмыстардың мерзімі мен сапасын қатаң бақылауды тапсырды, қоғамнан көмек сұрады.

 «Жезқазған аймағының жолдары - көкейкесті мәселелердің бірі. Біздің ортақ міндетіміз - барлық процедуралар мен жөндеу жұмыстарын сапалы және мерзімінде орындау. Жезқазған қоғамын жол жабынының сапасын бақылауға үлес қосуға шақырамын», - деді Ерлан Қошанов.
Актив отырысында Жезқазғандағы бағалар да сөз болды. Қалада әлеуметтік-маңызды санатындағы азық-түліктің 10-нан түрі қымбаттаған. Бағаларды ұстап тұратын жүйелі сипаттағы шаралар қажет. 

 «Бұрын Талап және Кеңгір ауылдарында дәмді қарбыз, көкөніс өсетін. Ал қазір суарылатын 4,5 мың гектар жер пайдаланылмайды. Жер инспекциясы меншік иелеріне жерлерді мақсатты пайдалану қажеттілігі туралы ұйғарым берді. Неге олармен жұмыс істемейсіздер?», - деген аймақ басшысы қалалық билікті  сынға алды. - Нәтижесінде, картоп пен көкөністар сырттан әкелінеді, ал бағалар еліміздегі ең жоғары бағалардың бірі. Жыл басынан бері картоптың бағасы 31%-ға, пияз - 25%-ға, май - 12%-ға өскен. Бұл үшін де сіздер жауаптысыздар».
Кеңес барысында Жезқазғанда шағын және орта бизнестің нашар дамып келе жатқандығы атап өтілді. 2016 жылдың сәуір айымен салыстырғанда, ШОБ субъектілерінің саны 2% кеміді. Жыл басынан бері инвестициялар көлемі екі есеге төмендеді. 
«Жезқазғанда 2010 жылдан бастап кәсіпкерлікті қолдау картасына 9 жоба ғана енгізілген. Меніңше, ірі өнеркәсіптік аймақ үшін бұл жеткіліксіз. Транзиттік дәліз мәселесі шешілген - «Жезқазған - Бейнеу» теміржолы салынды, ғылыми әлеует жеткілікті - өз университетіміз бар. Қаланың айналасында түсті металл мен кен орындары игеріліп жатыр. Бірақ әлеует толық пайдаланылмай отыр. Жаңа ұсыныстар мен бастамалар жоқ. Іске қосылған өндірістердің бірде-біреуі жобалық қуаттылығына шыққан жоқ. Қолданыстағы қолдау бағдарламаларына қарамастан қаланың дамуының жүйе қалыптастырушы кәсіпорындардың қызметіне тәуелділігі төмендемей келеді», - деді Ерлан Қошанов.

 «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарушы кеңесінің бас директоры Бахтияр Крыкпышев Жезқазған аймағындағы өндірістің даму перспективалары туралы баяндады.
Кеңесте құрылыс пен коммуналдық саладағы проблемалар туралы айтылды. Жезқазғанда денсаулық сақтауды жақсарту үшін аурухана қалашығы қалпына келтірілмек. Үлкен консультативтік-диагностикалық корпус орналастын орынжай бар. Оны жөндеуге және жарақтандыруға шамамен 500 миллион теңге қажет.

«Жезқазған облыстағы ірі қалалардың бірі, түсті металлургияның негізін қалайды. Сондай-ақ, аймақ экономикасының 6% жуығын құрайды, - деді Ерлан Қошанов. - Жезқазған тұрғындарының игілігі үшін барлық мәселелерді шешу керек. Бұл қаланың болашағы зор».
Облыс әкімі Жезқазғанды дамытудың үш жылдық жоспарын әзірлеуді тапсырды. «Онда барлық аспектілерді көрсету керек, экономикадан балалар алаңдарына дейін», - деп атап өтті ол. Аймақ басшысы қоғамды өз ұсыныстарын жасауға және жергілікті атқарушы органдармен қаланы дамытудың тиімді бағдарламасын анықтауға шақырды.

Соңғы жаңалықтар