Қарағанды облысының әкімі: Су тасқынына тойтарыс беруге дайынбыз

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов аймақ басшылығының келесі көктемде болуы мүмкін су тасқындарына тас-түйін дайын екенін жеткізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Шынында да, Қарағанды облысында су тасқыны мәселесі өзекті болып тұр. Ол мәселені өздеріңіз білесіздер. Климаттың өзгеруіне байланысты ма, әйтеуір әртүрлі болжамдар айтылады. Соңғы жылдары расында табиғи жағдайлар жиілеп кетті. 2015 жылы білетіндеріңіздей, су тасқыны болып, үйлер құлады, адам шығыны да болды. Мен өңірге әкім болып келгелі су тасқынының алдын алу жұмыстарымен айналыстым. Биылғы жылы біз өте аз шығынмен өттік деп ойлаймын», - дейді Ерлан Қошанов.

Өңір басшысының сөзіне сенсек, биыл су тасқыны болуы мүмкін өңірлердегі үйлердің бәрі аман қалған.

«Бірақ, ол келесі жылдары осы апаттарды болдырмау үшін тиісті жұмыстарды атқарып жатырмыз. Біріншіден, Үкіметтің үлкен жол картасы бар. Біз кезең-кезеңмен Премьер-Министрдің алдында есеп беріп отырамыз. Облыста екі кезеңнен тұратын жұмыс жүргізілуде. Біріншісі - шұғыл жұмыстар. Су тасу қаупі бар елді мекендер бойынша нақты жұмыстар, яғни елді мекендерді тасқыннан қорғап қалу жұмыстары жүргізілуде. Сол санатта 9 елді мекен бар. Барлығының айналасына топырақтан сапалы биіктігі бір жарым метрлік бөгеттер жасалды. Мен оларды өзім барып қарап шықтым. Сонымен бірге, габион деген қондырғылар арқылы ауылды мекендерді қамтамасыз еттік. Келесі жылғы табиғи жағдайларға бұл ауылдар дайын деп ойлаймыз», - дейді аймақ басшысы.

Ерлан Қошанов сонымен бірге, көктем кезінде Нұра, Шерубай Нұра, Тоқырауын, Соқыр өзендері қатты таситынын еске салды.

«Бұлардың түбін тазалау жұмыстары жүргізілуі керек. Бұл бағытта жобалық-сметалық жұмыстары жүріп жатыр. Тиісті қаржы бөлінді. Келесі жылы көктемнен бастап тиісті жұмыстар жүргізіледі», - деп түйді облыс әкімі.

Соңғы жаңалықтар