Қарағанды облысының әкімі: Мен де ауыл мектебінде оқығанмын

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Ростовка елді мекеніндегі тірек мектебінде болып қайтты. Биыл оқу ордасынан 12 оқушы түлеп ұшты. 

Олардың төртеуі «Алтын белгі», ал екеуі - ерекше үлгілі аттестат алуға үмітті. Аймақ басшысы түлектерге жылы лебіздерін білдірді. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметінен хабарлады.

«Бұл күн шынымен де толғандырар сәтке толы. Мен өзім де осы секілді ауылдық мектепте оқығанмын. Сондықтан сіздердің сезімдеріңіз маған таныс. Әрине, сіздер үшін бұл үлкен қуаныш. Ертеңгі күннен бастап жаңа өмір жолына қадам басасыздар. Алда әлі де бағындырар биіктеріңіз көп болады. Мен сіздерге сол жолда сәттілік тілеймін. Елбасы сіздердің жарқын болашақтарыңыз үшін көп жағдай жасады. Білімін жетілдіремін деушілер үшін әлемдік деңгейдегі университеттерге арналған «Болашақ» бағдарламасының стипендиясы қарастырылған. Ал жұмыс істеймін дегендерге мемлекеттік қолдау мен мамандықтардың кең таңдауы бар. Сіздер өз болашақтарыңызды өздеріңіз құрасыздар. Сіздердің таңдауларыңыз еліміздің болашағын көркейтуге септігін тигізеді», - деді Е. Қошанов. 

Облыс әкіміне ауыл оқушыларының қандай жағдайда білім алатыны көрсетілді. Мектеп директоры Нүритден Өмірбаев аймақ басшылығына экскурсия өткізді. 

«Бізде өзіміздің кенттегі оқушылармен қатар, жақын маңайдағы 6 елді мекеннің аз қамтылған мектептерінің оқушылары келіп оқиды. Ол оқушылар біздің мектепте емтихан тапсырады, өздерінде оқытылмайтын пәндер бойынша сабақтарға қатысады. Келіп-кетіп оқитын балалар үшін 60 орындық интернат бар. Ал жалпы біздің тірек мектебімізде 360 оқушы білім алады. Аз қамтылған мектептердің оқушыларымен қосқанда - 720 адам. Сондай-ақ үш жастан бастап тәрбиеленетін шағын орталығымыз бар», - деп атап өтті мектеп директоры. 
Сонымен қатар Ерлан Қошановқа Ростов мектебінің педагогтары білім беру тәжірибесінде жаңа әдістерді қолданып жатқаны туралы айтылды. Мұғалімдер балалардың функционалды сауаттылығын, ғылымға, спортқа және шығармашылыққа деген қызығушылығын арттыруды қолға алған. 

Мектептің жанында үш жылыжай бар. Оның екеуі - жазғы, біреуі қысқы. Оқушылар онда көкөністер мен аскөк өсіреді екен. Әдетте, жинаған өнім мектеп асханасының азық-түлік қорының төрттен бір бөлігін жабады. 

Тағы бір ерекше көңіл тартар нысан - мектеп-интернаттың жертөлесінде орналасқан мұражай болды. Оның негізі 2016 жылы қаланған екен. Бір жыл аралығында ол облыс бойынша ең үздік мұражай кешені атанып үлгерді. 

«Біздің мұражайымызда жеті зал бар, - деп түсіндірді мектеп директоры Нүритден Өмірбаев. - Экспозициямыз тас дәуірінен басталады. Мұнда бөлменің өзі үңгір іспеттес жасалған. Онда мамонттардың мүйізі бар. Одан ары қарай өтсеңіз, орта ғасыр, желтоқсан оқиғаларына, Ұлы Отан соғысына және басқа да елеулі тарихи жайттарға қатысты залдар бар. Мұражай негізінде тарих, биология, тіпті физика мен химия пәндерінің сабақтары өтеді. 

Естеріңізге сала кетейік, бүгін еліміз бойынша барлық мектептерде соңғы қоңырау сыңғырлады. Қарағанды облысында 481 мектептен 7 537 түлек үлкен өмірге қадам басты.

 

Соңғы жаңалықтар