Қарағанды облысында жаңа әлеуметтік нысандар ашылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Абай ауданында бүлдіршіндерге арналған балабақша мен дәрігерлік амбулатория ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңір басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков Абай ауданына жасаған жұмыс сапары барысында бірқатар әлеуметтік нысандардың ашылу рәсіміне қатысты.

«Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні. Сонымен қатар, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Осы мереке тұсында Абай жерінде кездесу өткізуге жақсы себеп болып отыр. Бүгін «Болашақ әлемі» балабақшасы Абай ауданының 75 бүлдіршіні үшін есігін айқара ашты. Бұл ғимаратта балаларға қажетті деңгейде тәлім-тәрбие беру үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған»,-деді облыс әкімі нысанның ашылу рәсімінде.

Ол сөзінде мектепке дейінгі мекемеде бүлдіршіндер тобы да болатындығын айтты. «Балабақшаның ашылуы тек балаларды білім ошағына орналастыруға мүмкіндік беріп қанай қоймай, осы аймақтың тұрғындарын жұмыспен қамтуға да мүмкіндік береді. «Болашақ әлемінде» 28 адам жұмыс істейтін болады»,-деді Әбдібеков.

Өңір басшысы балабақшаға теледидар сыйға тартты. Балаларды мектепке дейінгі білім беру мекемесімен қамтамасыз ету мақсатында Абай ауданындағы бұрынғы «Гүлдер» шипажайының екі қабатты ғимараты балабақшаға айналдырылды.
2016 жылы бұл бағытқа жергілікті бюджеттен 45,5 млн теңге бөлініп, онда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жиһаздар алынды. Мұнда балалар жаңа білім беру бағдарламасы бойынша оқытылмақ, яғни мұнда үштілді білім беру бағдарламасы енгізілген.

«Облыс басшысы бұдан әрі Абай ауданының Школьная көшесіне барды. Мұнда жеке тұрғын үй салуға жер берілген. 32 жер телімін инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан 79 млн теңге бөлінген және 8,8 млн теңге облыс бюджетінен қарастырылған»,-деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Әбдібеков мұнда атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, жер телімдерін беру жөнінде арнайы сертификаттарды табыстады.

Бұдан соң ол Абай ауданының Жартас ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның ашылу рәсіміне қатысты.

Денсаулық сақтау нысаны «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында салынған. Жобаның құны 117 млн теңге. Жартас ауылында 1728 тұрғын бар. Ал амбулатория тәулігіне 20 адам қабылдауға қауқарлы. Мұнда 6 адам жұмыс істейтін болады. Нысанда балалар, акушерлік-гинекологиялық, терапевт, емдеу-сауықтыру бөлімдері бар.

Соңғы жаңалықтар