Қарағанды облысында үш жылда барлық мектептер мен балабақшалар жөндеуден өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында 2018 жыл білім саласына арналмақ.Үш жыл ішінде мектептер мен балабақшалар кезең-кезеңімен жөндеуден өткізілу жоспарлануда. Аталмыш мақсатқа бюджеттен айтарлықтай қаржы бөлінбек. Бұл жайында облыс әкімі Ерлан Кошанов педагогтардың тамыз конференциясында айтты.

«2017 жылы мектептер мен балабақшаларды жөндеуден өткізуге 4,6 млрд теңге бөлінді, бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда екі есе көп. Бұл қаржыға 100-ден артық білім ошақтары күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізілді. Алайда, жөндеу жұмысына деген қажеттілік бұдан әлдеқайда көп, оған 20 млрд. теңгеден астам қосымша қаржы қажет», - деді облыстық білім басқармасының басшысы Асқат Аймағамбетов.

- Бұл ­- белгілі мәселе. Шынында да, бөлінген қаржы жеткіліксіз, - деді Ерлан Қошанов, - Келер жылы білім саласына, оның ішінде жөндеу жұмыстарына бөлінетін қаржы ұлғайтылады. Жөндеу жұмыстарын кезең-кезеңімен өткіземіз. 2018 жылы төбе жабындылары мен терезе айырбастау мәселесі түбегейлі шешілетін болады. 2019 жылы жылу жүйесі мен қасбет, ал, 2020- шы жылға қарай абаттандыру жұмыстарымен айналысатын боламыз. Қазір жергілікті бюджеттен ғана емес, облыстық бюджет есебінен де қаржыландыруды ұлғайту мәселесін қарастырудамыз.

Осылайша ғимараттардың энергиялық тиімділігі арттырылмақ.

Есеп бойынша бұл шаралар тек жылудан ғана шамамен жылына 100 млн теңге үнемдеуге мүмкіндік бермек.

Жиында 2017 жылы облыстың білім саласының бюджеті 12%-ға, яғни, 96,5 млрд теңгеге ұлғайғаны айтылды.

Соңғы жаңалықтар