Ауа райы
Астана 13 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 332.80
EUR 390.57
RUB 5.60
CNY 49.88

Қарағанды облысында пара алған мектеп директоры бас бостандығынан айырылды

Қарағанды облысында пара алған мектеп директоры бас бостандығынан айырылды
2017 жылғы 13 тамыз 16:30 2191

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Пара түрінде шамамен 500 000 теңге алған Қарағанды облысы Шет ауданындағы Юрий Гагарин атындағы мектеп-лицейінің  директорына үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Директор сот залында қамауға алынды. Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, Юрий Гагарин атындағы мектеп-лицейі 2017 жылдың бірінші жартыжылдығына аз қамтылған отбасыларының балаларын ыстық тағаммен қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсету жөнінде мемлекеттік сатып алу жариялаған.

Мемлекеттік тапсырыстың құны - 2 миллион 142 мың теңге. Тендер нәтижесі бойынша «Жүнісовтер» шаруа қожалығы жеңімпаз деп танылған. Тараптар үлгілік шарт жасасып, мектеп кәсіпкерге 800 мың теңге көлемінде алғашқы төлемін аударған.

«Мектеп директоры шаруа қожалығы басшысынан балаларды ыстық тағаммен қамтамасыз ету бойынша келісім жасасуға жәрдем көрсеткені үшін заңсыз ақша алу жолын ойлаған», - деді үкім шығару үстінде судья Ерлан Үшбаев.

Директор кәсіпкерді қызметтік кабинетіне шақырып, 414 000 теңге пара талап еткен. Тендерді ұтып алушы директор талабына келісіп, тек ақшаны оқу жылының аяғында, шілде айында беруге уәде еткен. Оқу жылы аяқталғанда мектеп директоры шаруа қожалығының басшысын үйіне шақырып, ақша туралы есіне салған. Мектеп басшысының талаптарын тыңдаған кәсіпкер кетіп қалып, Қарағанды облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет орталығына барып, ақша бопсалаушылық жайлы арыз жазады. Арнайы операция барысында 55 жастағы мектеп директоры мектеп алдындағы көше бойында пара алу үстінде ұсталды. Сот оны ҚК-нің 366-бабы 2-бөлімінде қарастырылған «Мемлекеттік қызметті атқаруға уәкілетті тұлға ретінде өзі үшін едәуір көлемде ақша түрінде пара алу» бойынша айыпты деп таныды.

Сст оның мүлкін тәркілеп, үш жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Мектеп директорына өмір бойы мемлекеттік қызмет атқаруға тыйым салынды.  

Басты сөздер: Білім, Қарағанды облысы, Сот,
Қате таптыңыз ба? Белгілеп, CTRL+ENTER басыңыз

Пікір қалдыру

Соңғы Пiкiрлер