Қарағанды облысында пара алған лауазымды тұлға сотталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Шахтинск қалалық соты азамат О.-ға қатысты процестік келісім бойынша кінәсін растау туралы ҚР ҚК-нің 366-бабының 2-бөлігінде (пара алу) қарастырылған қылмысты жасағаны үшін айыптау үкімін шығарды.

О. лауазымды тұлға бола тұра Ж. мен С.-нің мүддесі үшін әрекет етіп, жеке нотариуспен кездесуі барысында Шахтинск қаласында орналасқан пәтерді заңсыз тіркеуді орындау үшін ақшалай елеулі сомада пара алады. Айыпталушы пәтер қала әкімшілігіне тиесілі екендігін білген. Көп ұзамай бұл заңсыз рәсімдеу тұрғын үй қорының қызметкерлеріне белгілі болады. Осы орайда, О. жауапкершіліктен жалтару және қылмыстық әрекеттерді жасыру мақсатында өз бағынышындағы қызметкерге жоғарыда көрсетілген пәтерді әкімдікке тиісінше қайта тіркеу, яғни бастапқы қалпына келтіру туралы нұсқау берген. Сотқа дейінгі тергеу барысында О. өз кінәсін мойындап, кінәні мойындау туралы процестік келісімге келу ниетін білдірген.

Сот оған пара сомасының алпыс есе көлемінде, яғни 15 000 000 теңге мөлшерінде айыппұл салып, меншігіндегі қылмыстық жолмен немесе қылмыстық жолмен табылған қаражатқа алынған мүлікті, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық қаруы мен құралы болып табылатын мүлікті тәркілеп, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті лауазымды атқару құқығынан өмірлік айыру жазасын тағайындады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар