Қарағанды облысында «Оңалту түрмесі» пилоттық жобасы жүзеге асырылуда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында «Оңалту түрмесі» республикалық пилоттық жобасын жүзеге асырылуда. Ол бас бостандығынан айырылғандарды қоғамға қайта бейімдеу бағытында мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес сектордың жұмысын біріктереді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қарағанды облысы әкімдігіне сілтеме жасап.

Жобаны бастау және жүзеге асыру мәселелері Қарағанды облысы әкімдігінің жанындағы консультативтік-кеңестік органның отырысында талқыланды.

Қарағанды облысының әкімдігі таратқан мәліметтерге қарағанда, Қазақстанда Ұлт жоспарын жүзеге асыру шеңберінде 2017-2019 жылдарғы пробация қызметінде есепте тұрған және жазасын өтеп шыққан азаматтарды әлеуметтік оңалту Кешендік стратегиясы бекітілген.

«Сотталғандарды қайта бейімдеу - өзекті міндеттердің бірі. Оны шешу тек құқық қорғау органдрына ғана емес, бірінші кезекте жергілікті атқарушы және басқа да орталық мемлекеттік органдарға, сонымен қатар азаматтық қоғам институттарына да тәуелді», - дейді ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев.

Оның айтуыша, бас бостандығынан айырылғандарды әлеуметтік бейімдеуде дамыған елдердің тәжірибесі қолданылады. Бостандыққа шыққан соң баспана, жұмысқа орналастыру, туған-туыстармен байланысты қайта жандандыру сияқты мәселелер бойынша алғашқы көмек көрсету өте маңызды:

«Халықаралық тәжірибені ескере келе «Оңалту түрмесі» пилоттық жобасы жүзеге асырылады. Ол бостандыққа шығатын азаматқа еңбек, тұрмыстық және басқа да мәселелер бойынша кешенді көмек көрсетуді қарастырады. Ол үшін Ішкі істер министрінің жарлығымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған», - деп мәлімдеді Мейрам Аюбаев.

Жобаға Еуропалық Одақ қолдау көрсетеді. Жобаны жүзеге асыру үшін халықаралық сарапшы шақыртылды.
Ілкі жоба ретінде Қарағанды облысының екі мекемесі таңдалған: Қарабастағы АК-159/18 және Долинкадағы АК-159/20.

«Қарағанды облысының таңдап алынуы бекер емес. Оған Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің, жергілікті атқару органдарының, сондай-ақ үкіметтік емес сектордың бірлесе атқарған нәтижелі жұмысы түрткі болды. Облыс әкімімен Кешендік стратегияны жүзеге асыру бойынша шаралар жоспарын атқару бойынша желілік кесте құрылды», - деп атап өтті ҚАЖК төрағасының орынбасары.

2018-ші жылдың сәуіріне дейін жоба Қарағанды облысында апробациядан өтеді деп жоспарланып отыр. Сонан соң тәжірибе республикаға таралады. Қылмыстық атқару жүйесі таратқан мәліметтер бойынша 2017-ші жылдың 10 айында түзеу мекемелерінен 614 адам бостандыққа шыққан, олар облысымыздың түрлі қалалары мен аудандарына көшіп кеткен.

«2017-ші жылдың 1-ші қарашасына дейін темір тордың арғы жағынан шыққан және пробация қызметінде жұмысқа тұру үшін есепте тұрғандар саны 530 адамды құраған, олардың 276-ы жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 49 - әлеуметтік, 51 - қоғамдық жұмыстарға. 52 адам қысқа мерзімді курстарға жіберілген», - деп мәлімдеді облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жетекшісінің міндетін атқарушы Максим Галиуллин.

Қазіргі таңда осы санаттағы азаматтарға 2018-ші жылға арналған жұмыс орындарының квоталары құрылуда.
Қарағанды облысында тағдыр тәлкегіне түскен азаматтарға арналған үш оңалту орталықтары қызмет етеді - Қарағандыда, Теміртауда және Жезқазғанда. Басқарма ақпаратына сүйенер болсақ, биылғы жылы онда қамаудан шыққан 69 адам пана тапқан.

Соңғы жаңалықтар