Қарағанды облысында малы қырылған тұрғындар өтемақы алды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Нұра ауданына қарасты Мыңбаев, Заречное және Тассуат ауылдарының тұрғындары пастереллез салдарынан қырылып қалған малдарына ақшалай қайырымдылық көмек алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қаражатты шағын және орта бизнес өкілдері жинады. Олар Нұра аудандық қоғамдық кеңесінің індет салдарынан малдары қырылып қалған ауыл тұрғындарына мүмкіндігінше өтемақы төлеуді ұйымдастыру туралы ұсынысын бірауыздан қолдады.

«Зардап шеккен ауыл тұрғындарының жағдайына бей-жай қарамайтындар, әсіресе кәсіпкерлер үш миллиондай қаражат жинады. Зардап шеккендердің шығыны айтарлықтай көлемді болғандықтан, ақша жинау ісі әлі де жалғасып жатыр», - деді Нұра ауданы әкімінің орынбасары Мұратбек Тұраров.

Пастереллез салдарынан қырылған малға мемлекет тарапынан өтемақы төлеу заңнамада қарастырылмаған. Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылдың 30 қазанындағы №7-1/559 бұйрығында өтемақы төленуге тиісті эпидемиялық індеттер тізімі көрсетілген. Пастереллез бұл тізімге енгізілмеген.

«Ауыл тұрғындарына көмек көрсетіледі. Қаражат жиналып жатыр. Үш миллион теңге - көрсетілген көмектің бас ғана. Жұмыс жалғастырыла береді»,-деді М.Тұраров.

Айта кетейік, маусым айының басында Қарағанды облысы Нұра ауданына қарасты Мыңбаев, Заречное және Тассуат ауылдарында 96 бас мал қырылып қалған болатын. Облыстық ветеринарлық зертхана жануарлардың пестереллезден қырылғандығын анықтады. Тағы 319 бас мал ауруға шалдықты.

Соңғы жаңалықтар