Қарағанды облысында киім-кешекті тегін беретін дүкен ашылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Саран қаласында алғашқы әлеуметтік қайырымдылық дүкен ашылды. Онда заттарды төмен бағамен немесе тегін алуға болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңір басшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

«БлагоДарю» дүкенінде әзірге кішігірім екі бөлім ғана бар. Біріншісінде - қолданыста болған, бірақ жағдайы жақсы киімдер. Олар мұқтаж жандарға тегін таратылады. Ал екінші бөлімде - дүкеннен төмен бағамен сатып алынған жаңа заттар. Оларды сауда нүктелерінің иелері, тауар сатылмай қалған жағдайда алып келіп өткізеді. Бұл заттарды кез келген адам арзанға сатып алуларына болады. Барлық түскен қаражат қайырымдылыққа жұмсалады. 

Мұндай дүкенді құру идеясы «Доброволец» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Анна Полковниковада бұрыннан туындаған екен. Алайда бұл істі бастау үшін қажетті ғимарат та, оны жалға алуға қаражат та болмаған. 

«Қазіргі таңда Саран қаласының жастар ресурс орталығы мен жергілікті кәсіпкерлер палатасының филиалының көмегінің арқасында дүкенді ашу мүмкіндігі пайда болды. Олар қала әкімшілігімен келісіп, бізге тегін түрде екі кішігірім бөлме бөлді. Бізге бұл әзірге жеткілікті», - дейді Анна. 

«Доброволец» бірлестігінің қарауында 214 отбасы бар. Олардың кейбірі дүкен ашылған алғашқы күндері қажетті киім-кешектерін алып үлгерген. 

«Бүгін дүкен үшінші күн істеп жатыр. Кеше бізге төрт жанұя келді де, барлық отбасы мүшелеріне қажетті киім-кешектерін тегін алып кетті. Әрине, әзірге келушілердің барлығы тегін бөлімге барып жатыр. Алайда, біз өзіміз де соған басымдылық танытып отырмыз, осылай боларын күткенбіз», - дейді Анна Полковникова. 

 

Соңғы жаңалықтар