Қарағанды облысында катодты мыс шығаратын жаңа зауыт салынып жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында металлургия саласы бойынша жалпы сомасы 14,5 млрд. теңгені құрайтын екі жаңа инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл туралы облыстық Өнеркәсіп және индустриалдық-инновациялық даму басқармасынан хабарланды.

Жобалар облыстық әкімдікте өткен ИИД МБ үйлестіру кеңесінің отырысында таныстырылды. Кеңес оларды 2015-2019 жылдардағы кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізу үшін мақұлдады.

«Шет ауданында «Saryarka Copper processing» ЖШС «Катодты мыс шығаратын зауыттың құрылысы» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жобада толық циклді (соның ішінде катодты мысты өндіру, дайындау және қайта өңдеу бар) кешеннің құрылысы қарастырылған», - делінген хабарламада.

Компания мәліметінше, жоба құны 14 млрд. теңгені құрайды және оның аясында 350 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Өндіріс жоғары технологиялы, жоба өнімдері 100 пайыз Қытай мен ЕО нарығына бағытталған.

Басқарма таратқан ақпараттарға қарағанда, металлургиялық өнеркәсіпті дамыту мен катодты мыс экспортын ұлғайтуға бағытталған тағы бір жоба Балқашта жүзеге асырылып жатыр.

«Эдванс Майнинг Технолоджи» ЖШС жез өңдеумен айналысатын тәжірибе зауытының құрылысын бастады. Оның құны - 513 млн. теңге. Кәсіпорынның өнімдері еліміздің нарығында сатылып, сонымен қатар Ресей, Қытай, Түркия мен ЕО елдеріне экспортталмақ.

Соңғы жаңалықтар