Қарағанды облысында этномәдени бірлестіктерге 700 мың теңгеден грант берілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында этномәдени бірлестіктердің басшыларымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен кездесті. Достық үйінде елімізді рухани жаңғырту, бірлік пен ұлтаралық келісім туралы сөз қозғалды, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.

«2017 жылды жүйелі модернизация жылы деп атауға болады. Алдымен Президент экономикалық жаңғыру туралы жарияласа, кейіннен саяси жаңғыру басталды. Бұл өзгерістер рухани жаңғырумен аяқталады. Бүгінде біз бірегей - көп ұлтты, көп мәдениетті қазақстандық қоғамның эволюциясы туралы сөз қозғаймыз. Тынышсыз уақытта біз, қазақстандықтар, жерімізде бейбітшілік пен келісімді сақтай алдық», - деді Ерлан Қошанов.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы этникалық мәселелерді шешумен ғана айналыспайды, - деп атап өтті аймақ басшысы. - Бүгінде қоғамдық институт қайырымдылық, медиация және қоғамдық бақылау мәселелерін шешуге атсалысады».

 «Этномәдени бірлестіктердің көшбасшыларының, сарапшы қоғамның алдында үлкен міндет тұр - жаһандық идеологиялық бәсекелестік жағдайында тиімді болатын жұмыстың тәсілдері мен әдістерін табу. Жастарға қандай қауіп төніп тұрғанын білеміз ғой. Жаңа ақпараттық технологияларды қолдана отырып, қоғамды адастыру әрекеттері орын алуда. Бұл еліміздің тұрақтылығына қауіп төндіруде», - деп атап өтті облыстық ҚХА ғылыми-сарапшы тобының басшысы Вилен Молотов-Лучанский.

Теміртаулық Дмитрий Захаров кеншілер атынан сөз сөйледі. «Теміртаудың әрбір тұрғыны секілді Елбасының жас кезінде біздің қалада еңбек еткенін мақтан етемін. Бұл біздің қанымызда бар. Біздің ұжымымыз көп ұлтты, көп дауысты. Біздің комбинатта достықтың негізін Елбасының өзі қалыптастырды! Біздің міндетіміз - осы марканы ұстап қалу», - деді ол.

2017 жылғы Универсиаданың қола жүлдегері қарағандылық спортшы Екатерина Айдова өз сезімін жеткізді. «Мен тұғырда тұрғанда біздің Ту көтеріліп, Әнұран ойнаған кезде, менің бойымды өз елім үшін мақтаныш сезімі биледі. Жерлестерімнің, барша қазақстандықтардың мені қолдағанын білемін. Жүрегім сезді! Сонда ұлы және қуатты мемлекеттің азаматы екенімді қатты сезіндім. Бұл керемет шақ», - деді спортшы.

Кездесу барысында Жезқазғаннан, Балқаштан және Осакаров ауданынан музыкалық сәлемдемелер тікелей эфирде жеткізілді.

Шара соңында облыс әкімі аймақтың этномәдени бірлестіктеріне 700 мың теңге мөлшерінде сыйақы табыстады.

Ерлан Қошанов «Туған жер» жобасы бойынша өз ұсыныстарын жеткізді.

«Біздің көптеген ауылдарда жақсы дәстүр қалыптасқан - мектеп түлектері қайда жүрсе де, 10, 20, 30 жылдан кейін міндетті түрде жиналады, мереке ұйымдастырады, өздерінің туған жерлеріне сый жасайды. Осы дәстүрді жалпыхалықтық дәстүрге айналдырайық», - деді аймақ басшысы.

Бұрынғы қарағандылықтар деген болмайды, деді ол. Облыс әкімі жерлес артистердің қатысуымен үлкен гала-концерт ұйымдастыруды ұсынды.

Кездесу соңында облыстық ҚХА мүшелері тұрғындардан Мемлекет басшысы алға қойған рухани жаңғыру бойынша міндеттерді іске асыруға барлық күшжігерлерін салуға шақыратын үндеу қабылдады.

Соңғы жаңалықтар